Сәндік косметикада қандай ингредиенттер болмауы керек?

Қазіргі әлемде сәндік косметика үлкен рөл атқарады. Біз сыртқы келбетімізді жақсарту және ерекше екенімізді көрсету үшін күн сайын әртүрлі өнімдерді қолданамыз. Дегенмен, сәндік косметиканың барлық жақсы жақтарына қарамастан, оны пайдалану қауіпсіздігін есте сақтау маңызды.

ҚР ДСМ ҚДСҰО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының полимерлер мен баска химиялық заттардың токсикологиясы референс-зертханасының меңгерушісі А.Карибаева терімізді қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сәндік косметиканың құрамында қандай ингредиенттер болмауы керектігі туралы айтты.
Косметика құрамында пайдалы да, зиянды да әртүрлі ингредиенттер көп болуы мүмкін.

Косметикадағы зиянды ингредиенттер өте қауіпті болады. Адам денсаулығына кері әсер ететіні дәлелденген, шынымен қауіпті ингредиенттерді косметикада қолдануға тыйым салынады, бірақ олардың тізімі мен концентрациясы әртүрлі елдерде әр түрлі.

«Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы»Кеден одағының техникалық регламенті бар, онда парфюмерлік-косметикалық өнімдерде пайдалануға тыйым салынған заттардың тізімі көрсетілген.

Алайда косметикаға қосуға рұқсат етілген, адам терісіне кері әсер ететін ингредиенттер болады.

Косметикадағы қауіпті ингредиенттердің тізімі:

Парабендер
Заттаңбадан не іздеу керек: E218, E219, E214, E216, Methylparaben, Ethylparaben, Isopropylparaben, Propylparaben, Butylparaben, Benzylparaben, Glutaraldehyde, Hexamidine-Diisethionate, Phenol, Phenyl Mercuric, Benzetonium Chloride.

Ең көп таралған косметикалық консерванттар грибоктарға қарсы және бактерияға қарсы қасиеттеріне қарай косметиканың жарамдылық мерзімін ұзартады. Парабендер теріге өте жақсы сіңеді, гормондардың бұзылуын тудырып,терінің ерте қартаюына әкелуі мүмкін. Еуропалық Одақта косметикадағы парабендердің нормативтік құрамы 0,4% -дан аспау керек.

Формальдегид
Заттаңбадан не іздеу керек: DMDM hydantoin, formaldehyde, formalin.

Бұл консервант, көбінесе, шашқа арналған косметикалық заттарда қолданылады. Жоғары концентрацияда ол уытты болып келеді де, теріні және көздің шырышты қабығын тітіркендіреді. Формальдегидті таза күйінде косметикада қолдануға тыйым салынған және бүкіл әлемде 0,05% – дан 0,2% – ға дейінгі концентрацияда қауіпсіз түрлеріне ауыстырылады.

Оксибензон
Заттаңбадан не іздеу керек: benzophenone-3, oxybenzone.

Оксибензон-UVB және UVA2 спектріндегі ультракүлгін сәулелерден қорғайтын сүзгі, оны, көбінесе, күннен қорғайтын құралдардың құрамынан табуға болады. Оның кемшілігі-ол ағзада жиналып, аллергиялық реакция тудыруға қабілетті. Қазір косметикадағы осы ингредиенттің құрамы қатаңретке келтірілген және сататын елге байланысты 4-10% құрайды. Дегенмен, терісі сезімтал, эндокриндік жүйе ауруларымен ауыратын адамдарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге осы компонент қосылған өнімдерді қолдануға ұсынылмайды.

Натрий лаурил -, лауретсульфаты
Заттаңбадан не іздеу керек: Sodium Laureth Sulfate, Sodium Lauryl Sulfate, Sodium Lauryl Ether Sulfate, Anhydrous Sodium Lauryl Sulfate, Irium, SLS, SLES, MSDS, ALES, ALS.

Натрий лаурил –және лаурет сульфаты- күшті тазартқыш, майсыздандырғыш және көбіктендіргіш. Гигиеналық құралдарда кеңінен қолданылады. Олар шырышты қабықты тітіркендіруі мүмкін, ұзақ уақыт қолданып ұстағанда теріні құрғатып, түкті беттерін зақымдайды. Косметиканың қауіпті компоненттері ағзада жинақталады. Сондықтан құрамында осы заттар бар гельді ванналарға ұзақ қолданбаған дұрыс.

Гидрахинон
Заттаңбадан не іздеу керек: 1,4-Benzenediol, 1,4-Dihydroxybenzene, P-Dioxybenzene, 4-Hydroxyphenol, P-Hydroxyphenol, 1,4 Benzenediol.

Бұл ағартқыш синтетикалық ингредиент пигмент дақтарды кетіруге арналған кремдерде, шашқа арналған бояуларда және шашты сәндеуге арналған стайлинг құралдарында қолданылады. Бұл теріні өте қатты тітіркендіреді, қазіргі уақытта Еуроодақта оны косметикалық заттарға қосуға тыйым салынған. Гидрохинонның қауіптілігі –оның мутагендік және канцерогендік әлеуетінде. Осы компонент бар косметиканы курспен қолдану маңызды, бірақ үнемі қолданбау қажет, сондай-ақ қорғаныш деңгейі SPF30 кем болмайтын күннен қорғайтын кремдермен міндетті түрде үйлестіру керек.

Фталаттар
Заттаңбадан не іздеукерек: dibutylphthalate, diethylphthalate, dimethylphthalate.

Өнімді өте икемді етіп, оның түсі мен иісін сақтау үшін қолданылады. Фталаттар-бұл шаш пен тырнаққа арналған лактардың ингредиенттері, олар “жұпарландырғыш” немесе “хошиіс” деген сөздермен астасып жатады. Аз мөлшерде фталаттар агрессивті емес, бірақ ағзаға жинақталған кезде олар ерлерде репродуктивті функцияға әсер етіп, онкологиялық тері ауруының пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Триклозан
Заттаңбадан не іздеукерек: triclosan

Бұл бактерияға қарсы құрал, сондықтан ол, көбінесе, сабын, тіс пастасы, дезодорант құрамында болады. Триклозан бактерияларды (зиянды да, пайдалы да) жоюымен қауіпті және үнемі қолданғанда жинақтау әсері болады: терінің микрофлорасы мен иммунитетіне кері әсер етеді. Оның ауызға және шырышты қабықтарға түспегені дұрыс. Косметикадағы триклозанның құрамы қатаң ретке келтірілген және тек жуып тазалайтын заттарға ғана қосуға ұсынылады.

«Сәндік косметиканы таңдағанда, әрқашан өнімнің құрамына назар аудару керек. Әртүрлі денсаулық проблемаларының қаупін азайту үшін құрамында парабендер, фталаттар, сульфаттар және формальдегид бар косметикалық өнімдерден аулақ болыңыз. Теріңізге және сыртқы түріңізге күтім жасау кезінде қауіпсіздік әрқашан бірінші орында тұруы керек екенін есте сақтаңыз», – деп атап өтті А.Карибаева.