Қыс мезгілінде ауа температурасы төмендеп, жолдар көк мұзға айналғанда тұрмыстық және көшедегі жарақаттар жиілейді. Әсіресе, адамдар мұзда тайып құлап, қол-аяғын сындырып немесе соғып алу жағдайлары жиі тіркеледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – қысқы уақытта денсаулығыңызды қорғаудың ең тиімді жолы екенін ескертеді.
Абай болыңыз және жолды алдын ала жоспарлаңыз
Көк тайғақ күндері үйден ертерек шығыңыз – асықпаған жөн. Тазаланған, тапталған жолмен жүруге тырысыңыз, мұз қатқан немесе қар басқан жерлерден айналып өтіңіз. Егер жол тайғанақ болса, адымыңызды кішірейтіп, тізеңізді сәл бүгуді ұмытпаңыз және қолыңызды қалтаға салмаңыз – бұл тепе-теңдікті сақтауға әрі құлаған жағдайда соққыны жеңілдетуге көмектеседі.
Дұрыс аяқ киім таңдаңыз
Қыста тайып құламау үшін табаны ойық, резеңке немесе басқа сырғымайтын материалдан жасалған жылы аяқ киім киіңіз. Қажет болса, аяқ киімге арнайы мұзға қарсы жапсырмалар немесе ледоступтар тағыңыз. Әйелдерге қыс мезгілінде биік өкшелі аяқ киімнен уақытша бас тартуға кеңес беріледі.
Баспалдақ пен қоғамдық көлікте абай болыңыз
Жарақаттар көбінесе ғимарат кіреберісінде немесе қоғамдық көліктерге міну кезінде болады, себебі бұл жерлерде мұз қату жиі кездеседі. Сондықтан асықпаңыз және әрқашан қол тірегі бар жерден ұстаңыз. Қолға ауыр сөмке алмауға тырысыңыз – ол тепе-теңдікті жоғалтуға себеп болуы мүмкін.
Ауа райына сай киініңіз
Қалың, көп қабатты жылы киім денені тоңудан қорғайды және құлаған жағдайда жарақатты жеңілдетеді. Міндетті түрде қолғап киіңіз – бұл қолды суықтан ғана емес, соққыдан да қорғайды.
Егер абайсызда құлап қалсаңыз
Кенеттен тұрып кетуге асықпаңыз. Алдымен қол-аяғыңызды ақырын қозғап көріңіз. Қатты ауырсыну сезілсе немесе сүйек сынған деп күмәндансаңыз, дереу медициналық көмекке жүгініңіз.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары атап өткендей, қысқы жарақаттардың алдын алу – жай ғана сақтық емес, бұл өз денсаулығыңызға деген жауапкершілік.
Сақ болыңыз, өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз. Мұз үстіндегі бір ғана абайсыз қимыл ұзақ емделуге себеп болуы мүмкін.