Алматыда инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау (ИАИБ), сондай-ақ антимикробтық төзімділікті (АМТ) тежеу мәселелеріне арналған оқыту курсы өз мәресіне жетті.
Курстың басты мақсаты – денсаулық сақтау саласы мамандарының потенциалын арттыру және медициналық ұйымдар деңгейінде ИАИБ мен АМТ шараларын тиімді іске асыруды күшейту.
Бірнеше кезеңнен тұрған бағдарлама барысында қатысушылар ИАИБ жөніндегі топтар мен комитеттердің жұмысын ұйымдастыру бойынша тәжірибелік білім алды, инфекциялық бақылау жүйелерінің негізгі құрамдас бөліктері мен ең төменгі талаптарын меңгерді. Сондай-ақ олар сақтық шараларының стандарттарын – қол гигиенасы, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, дезинфекция және медициналық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу тәртібін үйренді.
Оқыту бағдарламасы Колумбия университетінің ICAP филиалы мен АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) бірлесіп әзірлеуімен пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды.
Тыңдаушыларға инфекциялық бақылау саласындағы сарапшылар – Гаухар Ағажаева, Ақниет Жарылқасынова, Анна Гончарова, Дина Шакратова, Рилия Серікбаева және Айдын Жұмай тәлімгерлік қолдау көрсетті.