Шымкентте өндіріс жұмысшылары үшін өкпе ауруының алдын алу бойынша семинар өтті

Шымкент қаласында өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін созылмалы обструктивті өкпе ауруының (ӨСОА) алдын алуға арналған семинар өтті. Іс-шара ӨСОА-ға қарсы дүниежүзілік күнге орай ұйымдастырылып, «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы аясында өткізілді.

Семинарды ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы (ҚДСҰО) мен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аймақтық департаменті бірлесе ұйымдастырды.

Семинар барысында қатысушыларға ӨСОА-ның пайда болу себептері мен қауіп факторлары, ауруды ерте анықтау және диагностикалау әдістері жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындарда «Салауатты жұмыс орындары» жобасын енгізудің негізгі мақсаттары мен бағыттары таныстырылды.

Ұлттық орталықтың төраға орынбасары Салтанат Назарова өкпе ауруларын уақытында анықтаудың және жұмыс орындарында алдын алу шараларын сақтау маңызды екенін атап өтті. «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұмысшылардың денсаулығын жүйелі түрде бақылап, профилактикалық бағдарламаларды жүзеге асырады және өндірісте тыныс алу жүйесін қорғауға арналған ұсынымдар әзірлейді. Негізгі мақсат – қауіп факторларын азайту және кәсіпорындарда салауатты еңбек жағдайларын қолдау», — деді маман.