Оқу-жаттығу «Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін өңірлік және облыстық деңгейде нығайту» жобасы аясында жүзеге асуда.
Іс-шараға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі өкілдері, төтенше жағдайлар және ауыл шаруашылығы министрліктерінің мамандары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен басқа да негізгі ведомстволардың қызметкерлері қатысуда.
Тренингтің басты мақсаты – табиғи апаттар мен жұқпалы аурулар ошағы сияқты күрделі қауіп-қатер туындаған жағдайда мемлекеттік органдардың дайындық деңгейін және бірлескен іс-қимылдарын бағалау.
Кабинеттік оқу-жаттығу сценарийі бірнеше сын-тегеурінді жағдайды қамтиды: су тасқыны, жұқпалы аурудың өршуі, сібір жарасы көміліген ескі ошақтың су астында қалуы және техногендік апат. Қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін пысықтап, шұғыл шешім қабылдау алгоритмдерін талдайды.
«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы техногендік және биологиялық қатерлерге ден қою жүйесінің тұрақтылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Петропавлда өткен оқу-жаттығу өңірлік деңгейдегі әрекет ету жүйесінің тиімділігін бағалауда және ведомстволар арасындағы өзара үйлесімділікті жетілдіруде маңызды кезең болды», – деді ICAP жобасының үйлестірушісі (ҚДСҰО) Зәуреш Ахметова.
Оқу-жаттығу барысында эпидемиологиялық қадағалау, логистика, жедел ақпарат алмасу және жергілікті жағдайларға бейімделген әрекет ету жоспарларын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тренинг қорытындысы бойынша өңірлік дайындық жоспарларын және нормативтік рәсімдерді жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірленетін болады.
Петропавлда өткен бұл оқу-жаттығу ҚДСҰО ұйымдастырып отырған өңірлік шаралар сериясының бір бөлігі болып табылады. Жобаны жүзеге асыруға халықаралық серіктестер – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік кеңсесі және СДС қолдау көрсетіп келеді. Келесі оқу-жаттығулар Атырау және Маңғыстау облыстарында өткізіледі.
Іс-шара «Шеврон» компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.