Қазақстанның өңірлерінде өкпенің созылмалы обструктивті ауруының (ӨСОА) алдын алуға бағытталған оқыту семинарлары жалғасып жатыр. Кезекті кездесу Қостанай қаласында өтіп, өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ұйымдастырылды.
Іс-шара «Салауатты жұмыс орындары» жобасы аясында өтті. Жобаны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қостанай облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе жүзеге асырды.
Семинардың басты мақсаты – қызметкерлердің ӨСОА-ның пайда болу себептері, алғашқы белгілері мен алдын алу шаралары туралы түсінігін кеңейту, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру.
Оқыту шарасына өңірдің 60-тан астам өнеркәсіп қызметкері қатысты. Семинарды Ұлттық орталықтың гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Төлеубаева жүргізді.
Қостанай облысында 2020–2024 жылдар аралығындағы ӨСОА сырқаттанушылық деңгейі туралы облыстың штаттан тыс бас пульмонологы Гүлнара Мұхамбетова баяндама жасап, өңір бойынша статистикалық деректермен бөлісті. Сондай-ақ ол тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларын ерте анықтау мен алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында қатысушылар ӨСОА-ның алғашқы белгілерін тану жолдарын, ауру қаупін арттыратын өндірістік факторларды, тиімді профилактикалық тәсілдерді, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарын қолданудың және салауатты корпоративтік мәдениетті дамытудың маңызын талқылады.
«Салауатты жұмыс орындары» жобасы – еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмысшылардың денсаулығын нығайтуға және кәсіби қауіп-қатерлердің әсерін азайтуға бағытталған бастама.