Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі оперативтік орталығы EOC-NET форумында тәжірибесімен бөлісті

Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша халықаралық жүйедегі қатысуын күшейтіп келеді. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі Оперативтік орталықтың басшысы Саурaн Ердесов 17–18 қараша күндері Францияның Лион қаласындағы ДДСҰ академиясында өтіп жатқан EOC-NET Еуропалық өңірлік форумының жыл сайынғы отырысына қатысуда. Ол Қазақстанды EOC-NET желісінің ресми байланыс тұлғасы ретінде таныстырып, ұлттық Оперативтік орталықтың жұмыс тәжірибесін таныстырды.

EOC-NET форумы – Еуропа өңіріндегі елдерді біріктіретін, инфекциялық өршулерден бастап техногендік қатерлерге дейінгі жағдайларда дайындық пен өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық алаң. Форум Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі Еуропалық орталықтың қолдауымен өткізіледі.

Биылғы кездесуде жедел үйлестіру тетіктерін жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, ақпараттық басқаруда цифрлық шешімдерді қолдану, мамандарды даярлау және оқу-жаттығулар ұйымдастырудағы үздік халықаралық тәжірибелер талқылануда. Сондай-ақ ұлттық Оперативтік орталықтарды жаһандық ден қою жүйесіне тиімді енгізу және трансшекаралық денсаулық қатерлері туындаған кезде бірлескен жұмыс тетіктерін үйлестіру мәселелері ерекше назарға алынды.

Қазақстан делегациясының қатысуы айрықша маңызды: Оперативтік орталық өз жұмысының нәтижелерін таныстырып, басқа мемлекеттердің тәсілдерімен танысады әрі халықаралық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтады. Бұл Қазақстанға төтенше жағдайларға дайындық жүйесін одан әрі күшейтуге, заманауи құралдар мен әдістерді енгізуге және Халықаралық санитариялық ережелер талаптарына сай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Саурaн Ердесовтің айтуынша, халықаралық өзара іс-қимыл – биологиялық және техногендік қатерлерге қарсы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыратын негізгі факторлардың бірі. Алдағы уақытта Оперативтік орталық мамандардың кәсіби дайындығын жетілдіруді, үдерістерді жаңғыртуды және халықты төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған ДДСҰ бастамаларына белсенді қатысуды жалғастырады.