2024 жылғы 15 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазақстандағы Пандемиялық қорының жобасын ресми түрде іске қосты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі д-р Ақмарал Әлназарова, Пандемиялық қорының атқарушы директоры Прия Басу, БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі д-р Скендер Сыла, Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы ел менеджері Андрей Михнев және дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.
Пандемиялық қор болашақ пандемияларға қарсы тұрақтылықты арттыруға арналған. Бірінші кезеңде Қор қаражатын алуға Қазақстан Республикасының өтінімі сәтті болды. Грант Қазақстан Республикасының қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің, әсіресе эпидемиологиялық қадағалау, шекаралық бақылау (Қазақстан Қытаймен, Қырғызстанмен, Ресеймен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен кеңейтілген шекаралары бар), зертханалық қауіпсіздік, ерте анықтау және ден қою, сондай-ақ персоналды оқыту саласында маңызды міндеттеріне бағытталатын болады.
ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік Кеңсесі осы гранттың елде іске асырылуын үйлестіреді және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.
«Бүгінде барлық елдер Covid-19 салдарынан дағдарыстың теріс әсерін сезінуде. Қазақстандағы Пандемиялық қорының жобасы жемісті нәтижеге ие болуы тиіс. ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік кеңсесі Үкіметке әрбір азаматтың қауіпсіз және салауатты болашағы үшін елеулі оң әсер етуде және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуда, жаһандық денсаулық дағдарысымен байланысты ықтимал болашақ қиындықтарға дайындықты қамтамасыз етуде қолдау көрсететін болады”, – деді ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла.
Айта кететін жайт, 2023 жылдың мамырында Пандемиялық қорға алғашқы өтініш беру процесі аяқталды, оның барысында 129 елден 179 өтінім алынды. 2023 жылғы 19 шілдеде Қордың қамқоршылар Кеңесі тәуелсіз техникалық консультативтік топтың техникалық ұсынымдарын есепке ала отырып, өтінім беруге бірінші кезең аясында қаражат бөлу бойынша шешім қабылдау үшін кеңес өткізді. Нәтижесінде Кеңес 19 ұсынысты іріктеп алып, 37 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да қаражат алушылар қатарында болды.
«Пандемиялық қор Қазақстан Үкіметімен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) осы өмірлік маңызды бастама аясында ынтымақтастықты мақтан тұтады, ол Қазақстанның жұқпалы аурулардың өршуін анықтау, алдын алу және оған тиімді ден қою қабілетіне аса маңызды инвестиция болып табылады. Эпидемиологиялық қадағалауды, зертханалық жүйелерді күшейту және жұмыс күшін дамыту жөніндегі бірлескен күш-жігердің арқасында біз Қазақстан халқы үшін дені сау және қауіпсіз болашақ үшін негіз қалаймыз. Пандемиялық қор денсаулық сақтаудың күшті және тұрақты жүйесін құру жолында бүкіл әлем елдерін қолдауға әлі де берік», – деді Пандемиялық қордың атқарушы басшысы д-р Прия Басу.