ҚДСҰО өкілдері қоғамдық денсаулық бойынша сараптамалық сессияға қатысты

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) өкілдері салауатты болашаққа арналған жыл сайынғы Capital Health ұлттық форумына қатысты. Форум алаңында мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, бизнес өкілдерінің және азаматтық сектордың қатысуымен маңызды тақырыптар талқыланды.

Форум аясында «Ұлт денсаулығы: 2026 жылғы сын-қатерлер және жасанды интеллект бағыты» атты стратегиялық сессия өтті. Сессияға қатысушылар алдағы жылға арналған қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі басымдықтарын талқылады. Атап айтқанда, профилактиканы күшейту, созылмалы аурулардың өмір сүру ұзақтығына әсері, салауатты өмір салтын қалыптастырудың заманауи тәсілдері және медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы цифрлық шешімдердің маңызы сөз болды.

Сессияда ҚДСҰО-ның гигиена және профилактика департаментінің директоры Жанар Тюлюбаева «Қоғамдық денсаулық экожүйесі: инфекциялық емес аурулар мәселелері және салааралық әріптестік арқылы шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде инфекциялық емес аурулар тек денсаулық сақтау жүйесінің мәселесі емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін кешенді сын-қатер екенін атап өтті. Инфекциялық емес аурулардың алдын алу үшін білім беру, әлеуметтік қорғау, қала құрылысы, экология, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтардың өзара бірлескен жұмысы қажет. Маман осындай үйлесімді ықпалдастық арқылы ғана халық денсаулығын тұрақты түрде жақсартып, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға болатынын баса айтты.