2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII ҚРЗ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Құжаттың мақсаты – құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі бірыңғай және тиімді жүйені қалыптастыру, қылмыс деңгейін төмендету және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру. Жаңартылған заң бұған дейін күшінде болған бес заңнамалық актінің нормаларын біріктіріп, ведомствоаралық үйлестіруді күшейтеді және қоғамның құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысуын кеңейтеді.
Негізгі жаңалықтардың қатарында – профилактикаға басымдық берілген жаңа жүйе, құқыққа қайшы мінез-құлыққа бейім тұлғаларды ерте кезеңде анықтау және олармен мақсатты түрде жұмыс жүргізу. Сондай-ақ, полицияның қоғамдық көмекшілерінің өкілеттіктері кеңейтілді. Енді олар профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын, соның ішінде оқу орындарында да жүргізе алады.
Заңның 24-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі құқық бұзушылықтардың профилактикасында, әсіресе денсаулыққа және тәуелділікке қатысты жағдайларда маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы жұмыс мыналарды қамтиды:
- салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
- алкогольге, есірткіге және құмар ойындарға тәуелді адамдарға медициналық көмек пен оңалту шараларын ұйымдастыру;
- нашақорлықтың, алкоголизмнің және суицидтің алдын алу;
- ішкі істер, білім беру органдары және өзге де құрылымдармен ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту.
Құқық бұзушылықтардың профилактикасы — бұл тек бір саланың емес, бірнеше саланың өзара бірлесіп әрекет етуін талап ететін кешенді міндет. Мұнда сауатты, дені сау және әлеуметтік жауапты қоғамды қалыптастыру басты орын алады.
Аталған Заң ресми жарияланған күннен бастап алпыс күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Заң мәтінімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады:
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2500000245