Қазақстанда 9 қаңтардағы эпидемиологиялық жағдай

2025 жылдың қыркүйек айынан бері республика бойынша жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) сырқаттанудың 2 852 187 жағдайы тіркелді.
Өткен апта ішінде 54 141 адам ЖРВИ жұқтырған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 13 пайызға төмен көрсеткіш.
Зертханалық талдаулар нәтижесінде елімізде риновирус, бокавирус, парагрипп, РС-вирус, аденовирус, коронавирус және метапневмовирус айналымда екені анықталды.
Тұмауға қарсы 14 646 зертхана сынамасы жүргізіліп, оның 2 865-і оң нәтиже берді.
Оның ішінде 2 861 жағдай – А(H3N2) (гонконг тұмауы), 4 жағдай – A(H1N1) (шошқа тұмауы) анықталды.
Тұмау бойынша сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі Маңғыстау, Түркістан, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында байқалуда.
Қазіргі уақытта елімізде тұмауға қарсы 2 272 739 адам екпе алды, бұл жалпы халықтың 11,1%-ын құрайды.

Қызылша

Өткен аптада 253 қызылша жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш бір апта ішінде 1,3 есеге артты. Аурудың ең көп таралған өңірлері: Жамбыл, Атырау, Павлодар облыстары, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары.
Жыл басынан бері қызылшамен 4240 адам ауырды. Олардың 98 пайызы екпе алмағандар.

Көкжөтел

2025 жылдың басынан бері 407 жағдай тіркелді. Оның ішінде 400-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен аптада 4 жаңа жағдай анықталды. Науқастардың 90%-ы екпе алмағандар.

Ботулизм

Шымкент қаласында үй жағдайында дайындалған консервіленген баклажанды тұтынғаннан кейін 1 ботулизм жағдайы тіркелді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы азаматтарға маусымдық инфекциялардың таралуына байланысты сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда, жабық және адам көп шоғырланған жерлерде бетперде тағу, өзіңізді нашар сезінсеңіз, қоғамдық орындарға бармау, жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу, уақытылы екпе алу ұсынылады.

Әлемдегі эпидемиологиялық сигналдар

ДДСҰ: әлемде тұмау белсенділігі артып келеді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, GISRS жүйесі бойынша тұмауға алынған сынамалардың оң нәтижелері 25%-дан асты.
Солтүстік жартышардың қоңыржай және субтропикалық белдеулерінде бұл көрсеткіш шамамен 30% деңгейінде.
Тұмау вирусының A(H3N2) типі жоғары белсенділік аймақтарында басым, ал Оңтүстік Американың тропикалық бөлігінде A(H1N1) pdm09 жиі кездесуде.
SARS-CoV-2 жаһандық деңгейде тұрақты және төмен деңгейде қалуда, алайда Оңтүстік Америка мен Еуропаның бірқатар елдерінде оң нәтижелердің үлесі 10-20% аралығында.
RSV вирусының белсенділігі төмен, бірақ Орталық Америка, Кариб аймағы, Батыс Африка, Солтүстік Еуропа және Азияның кейбір елдерінде оң сынамалардың үлесі 10%-дан жоғары тіркелуде.

Макао: 2026 жылғы алғашқы чикунгунья жағдайы

Филиппиннен оралған 45 жастағы мигранттан чикунгунья инфекциясы анықталды.
Ауру белгілері 5 қаңтарда пайда болды, диагноз 7 қаңтарда расталды. Пациент қызбамен ауруханаға жатқызылды, отбасы мүшелерінде де ұқсас белгілер байқалды.
Санитарлық қызметтер науқас тұрған ауданда профилактикалық өңдеу жұмыстарын бастады. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне немесе өзге эндемиялық аймақтарға баратын азаматтарға масалар шаққаннан қорғану шараларын қатаң сақтау ұсынылады.

Кипр: тұмау A вирусынан ауруханаға жатқызу өсуде

Кипр ауруханаларындағы бөлімшелер 90%-ға дейін жүктеліп отыр. Бұл тұмау A вирусының ауыр түрімен түсетін науқастар санының артуымен байланысты.
Негізінен қарт адамдар госпитализациялануда. Тұмау бойынша аурушаңдықтың шарықтау шегі қаңтардың ортасына болжануда, ал жоғары көрсеткіштер наурызға дейін сақталуы мүмкін.
COVID-19 көрсеткіштері тұрақты, RSV – төмен деңгейде.

Нигерия: Насарава штатында Ласса қызбасының күдікті өршуі

Насарава штатындағы Awe округінде төрт адам, оның ішінде екі жүкті әйел, Ласса қызбасына ұқсас белгілермен қайтыс болды.
Бір жағдай зертханалық түрде расталды, қалғандары әзірге күдікті деп бағалануда.

Мадагаскар: mpox ауруының алғашқы жағдайлары

Елде mpox вирусының 6 расталған жағдайы, сондай-ақ 70–80 күдікті жағдай тіркелді. Қайтыс болу деректері жоқ. ЖОО-да бетперде тағу міндеттелді, жедел әрекет ету жоспары іске қосылды, мектептер мен қоғамдық орындарда санитарлық шаралар күшейтілді.
Жағдай әзірге бақылауда, бірақ ерекше қадағалауды қажет етеді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы шетелге шығатын қазақстандықтарға бару еліндегі эпидемиологиялық жағдайды алдын ала нақтылап, қажет болған жағдайда вакцинациядан өтуді ұсынады. Масалар арқылы таралатын жұқпалы аурулар жиі кездесетін аймақтарда репелленттер қолдану, жабық киім кию және өзге де қорғану шараларын сақтау маңызды. Сондай-ақ жеке гигиена талаптарын ұстанып, шикі су мен көшедегі тағамдарды тұтынудан бас тарту қажет. Ауру белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну, ал елге оралған соң, қажет болған жағдайда, барған елдеріңіз туралы дәрігерге хабарлау ұсынылады.