II Халықаралық «Терапия және профилактикалық медицина» конгресі аясында ТМД елдеріндегі темекі өнімдері мен никотинді жеткізудің электронды жүйелерін (НЖЭЖ) реттеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
«Темекі мен НЖЭЖ -ді реттеу саясаты: жетістіктері, сын-қатерлері және даму келешегі» тақырыбындағы талқылау қоғамдық денсаулық сақтау, профилактикалық медицина және денсаулық сақтау экономикасы саласындағы жетекші сарапшыларды біріктірді.
Дөңгелек үстел жұмысына «Денсаулық экономикасы және популяциялық профилактика» атты сараптамалық топ қатысты. «Қазақстан Республикасында темекі мен никотинді жеткізудің электронды жүйелерін реттеу саясаты» тақырыбында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Тюлюбаева баяндама жасады.
Өз сөзінде ол Қазақстандағы темекі өнімдері мен НЖЭЖ -ді реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, сондай-ақ халық арасындағы темекі тұтыну деңгейін төмендету бойынша қол жеткізілген нәтижелерді таныстырды. Сонымен қатар, жаңа никотинқұрамды өнімдерді тұтынудың, әсіресе жастар арасында, артуына байланысты өзекті сын-қатерлерге ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ТМД елдерінде заңнаманы үйлестіру, салааралық өзара іс-қимылды күшейту және экономикалық тетіктерді инфекциялық емес аурулардың алдын алуда қолдану мәселелерін талқылады. Дәлелді саясат пен популяциялық профилактика шараларын дамыту темекі мен никотин тұтынумен байланысты аурулар жүктемесін азайтудың негізгі шарты екені атап өтілді.
Сондай-ақ, қатысушылар ортақ дәлелді базаны қалыптастыру, үздік тәжірибелерді көрсету және темекі мен НЖЭЖ-ді реттеу саясатының әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау мақсатында бірлескен мемлекетаралық ғылыми және талдамалық жарияланымдар әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Бұл басқарушылық шешімдерді қабылдауда сараптамалық қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел темекі мен НЖЭЖ-ді реттеу саясатын одан әрі жетілдіру, өңірде қоғамдық денсаулықты нығайту бағытындағы келесі қадамдарды талқылауға арналған маңызды сараптамалық алаңға айналды.