Қазақстанда жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Өткен аптада 86 775 жағдай тіркеліп, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,2 есеге аз.
Қыркүйек айының басынан бері ел бойынша 2 634 911 ЖРВИ жағдайы тіркелген.
Зертханалық мониторинг деректеріне сәйкес, елімізде риновирус, бокавирус, парагрипп вирустары, РС-вирус, аденовирус, коронавирус және метапневмовирус айналымда.
Тұмауға 13 249 сынама зерттеліп, оның 2 787-і оң нәтиже көрсетті. Анықталған жағдайлардың басым бөлігі A(H3N2) тұмау вирусына тиесілі – 2 734 жағдай, тағы 53 жағдай – A(H1N1) тұмауы.
Сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі Маңғыстау, Түркістан, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында байқалады.
Елімізде тұмауға қарсы 2 272 737 адам егілген, бұл халықтың 11,1 пайызын құрайды.