ҚДСҰО мамандары Ақтөбе облысындағы медициналық ұйымдардың төтенше жағдайлар мен инфекциялық қатерлерге дайындығын бағалады

2025 жылғы 8–12 желтоқсан аралығында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық және профилактикалық аурулар департаментінің мамандары Мейірім Сұлтанова мен Гаухар Ағажаева Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар мақсаты – өңірдегі медициналық ұйымдардың төтенше жағдайларға дайындығы мен медициналық көмек көрсету кезінде пайда болатын инфекциялардың алдын алу және антимикробтық төзімділікті тежей алу шараларын іске асыру бойынша кешенді бағалау жүргізу.

Бағалау Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты екі ірі медициналық мекемеде – Облыстық перинаталдық орталықта және Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында жүргізілді. Сапар барысында мамандар клиникалық және көмекші бөлімшелерді аралап, жұмыс барысын талдап, ішкі бағалау жүргізіп, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берді.

Сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығы, инфекциялық бақылау жүйесінің ұйымдастырылуы, антимикробтық препараттарды ұтымды пайдалану мәселелері де жеке назарға алынды. Орталық мамандары мекеме қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетіп, консультациялар өткізді.

Жұмыс сапары – өңірлік деңгейде биологиялық қатерлерге төтеп беру потенциалын арттыру және эпидемиологиялық қадағалау жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.