Астанада ата-ананы қолдау және балалық шақтың қауіпсіздігі мәселелері бойынша саяси диалог өтті

Астанада ата-ананы қолдау және балалар мен жасөспірімдер үшін қауіптерді төмендету мәселелеріне арналған саяси диалог өтті. Талқылау Ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы аясында ұйымдастырылып, ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисі тарапынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтті.

Саяси диалогқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ДДСҰ сарапшылары, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің мамандары, сондай-ақ азаматтық сектор мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында әлеуметтік және мінез-құлықтық қауіптер жоғары өңірлерде отбасыларды қолдауға бағытталған неғұрлым үйлестірілген әрі орнықты салааралық тәсілді қалыптастыру жолдарын талқылады.

Іс-шараға Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы атынан басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова қатысты. Ол өз баяндамасында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан ведомствоаралық өзара іс-қимыл туралы, сондай-ақ суицидтің алдын алу жөніндегі Жол картасының кезең-кезеңімен іске асырылуы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ тиімді профилактика барлық мүдделі салалардың нақты, тұрақты және үздіксіз үйлесімді жұмысы болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.

Кездесу барысында Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында іске асырылған ата-ананы қолдау жөніндегі пилоттық жобаның нәтижелері таныстырылды. Жоба аясында мамандар мен мектеп қауымдастықтарын оқыту жүргізіліп, балалар мен ата-аналардың психикалық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған тәсілдер енгізілді.

Сонымен қатар қатысушылар психологиялық тәуекелдерді ерте анықтау, мектептер мен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі, сондай-ақ ата-аналармен жүйелі әрі дәйекті жұмыс жүргізудің баланы қорғаудағы негізгі фактор екеніне ерекше назар аударды. Сарапшылар елде айтарлықтай дәлелді база мен практикалық құралдар қалыптасқанын, алайда оларды орнықты түрде енгізу мен институционалдық үйлестіру әлі де өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті.

Саяси диалог қорытындысы бойынша тараптар тиімді тәжірибелерді ауқымдау тетіктерін одан әрі талқылауға және Ведомствоаралық жұмыс тобының тұрақты консультативтік әрі үйлестіруші алаң ретіндегі рөлін күшейту мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.