Қазақстанда бір жастан 14 жасқа дейінгі әрбір жетінші баланың (балалардың 14,7 пайызы) дене салмағы артық екені (9,2 пайыз) немесе семіздігі (5,5 пайыз) байқалады.
2021 жылғы 17 қыркүйекте “Дұрыс тамақтану – білім алудың ең үздік жолы” атты онлайн конференция өтті. Іс-шараны ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырды. Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының жетекшісі Жанар Қалмақова модератор болды.
Іс-шараның мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтануының өзекті мәселелерін талқылау және бағалау, тамақтану дағдыларын жақсарту және елдің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша сектораралық және ведомствоаралық шаралар жүйесін күшейту, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің таралу қаупінің факторларын анықтау және ақпараттандыру, оларға көмек көрсету және қолдау.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасы Қанат Асқаров қатысушылар алдында сөз сөйлей отырып, балалардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануы денсаулық сақтауды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы қоғамдық денсаулық саясатының басым бағыты болып табылатынын атап өтті.
“Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалардың, оқушылардың, жасөспірімдердің тамақтану рационына, азық-түлік құрамы мен тамақтану ортасына, дұрыс тамақтануды қамтамасыз етуге және тамақ өнімдерінің маркетингіне арналған тамақтану жағдайын бағалау бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Біздің, балаларымыз жейтін тамағына тек денсаулығымыз ғана емес, көңіл-күйіміз, жұмыс қабілеттілігіміз, біліміміз және тіпті шығармашылық қабілетіміз де байланысты”, – деді ол.
ДДҰ – ның Қазақстандағы Елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова “Салауатты өмір салты-табысты болашақтың кепілі” атты баяндамасында балалардың тамақтануындағы негізгі таңғы астан бас тарту, транс майларды пайдалану, жемістер мен көкөністердің тапшылығы, тәттілерді шамадан тыс пайдалану, тамақтану арасындағы уақыттың ұзақтығы, кешке тойып тамақ ішу және т. б. қателіктер туралы айтты
Оның айтуынша, оқушының тамақтануындағы ең бастысы-тамақтану режимін сақтау және тамақ мөлшерінің энергия шығындарына сәйкестігі. Күні бойы оқушы 3 рет тамақтануы (таңғы ас, түскі және кешкі ас) және 2-3 қосымша тіскебар болуы керек. Тамақтану арасында уақыттың ұзақ болуы гипогликемияның дамуын тудыруы мүмкін (қандағы қанттың төмендеуі), шаршауды тудырады, зейінді әлсіретеді және танымдық белсенділікке кедергі келтіреді.
ҚДСҰО Ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова “Артық салмақ және Қазақстан оқушыларының тамақтану әдеті” тақырыбында баяндама жасады.
“2020 жылы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бүкіл республика бойынша бастауыш сынып балалары арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуын зерттеді. Біз балалардың салмағы мен бойын өлшедік, сондай-ақ ата-аналарға балалардың тамақтануы бойынша сауалнама жүргіздік. Біз облыстардың және Алматы , Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының Білім басқармаларына, сондай-ақ жобаға қатысқан мектептерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Бұл жоба COSI деп аталады және оны жүзеге асыруда ДДҰ және ЮНИСЕФ техникалық қолдау көрсетті. Қазақстан Республикасында 6 жастан 9 жасқа дейінгі балалардың 20,6% – ында семіздікті қоса алғанда, артық дене салмағы бар. Зерттеу нәтижелері балалар арасында пайдалы тамақтану әдеттерін насихаттау шараларының қажеттілігін көрсетті-жемістер мен көкөністерді тұтынуды арттыру, күнделікті таңғы ас ішу және қант пен тұздың көп мөлшері бар тағамдарды тұтынуды шектеу. Салауатты өмір салтының негіздері отбасында басталады. Мұнда мектептер де үлкен рөл атқарады”, – деді Ш. Әбдірахманова.
Ол мектепте сатылатын өнімдердің ассортиментін бақылау, қант, тұз және май мөлшері жоғары тағамдарды сатуға тыйым салу, балаларға асханаларда пайдалы тағамдардың көп ұсыну және дұрыс тамақтануға басымдық беру қажет екенін атап өтті. Тамақтану/тамақ өнімдері мен физикалық белсенділікке арналған оқу бағдарламасына көбірек сағат енгізу қажет, яғни балалар мен жасөспірімдердің тамақтану, тамақ таңдау және физикалық белсенділік мәселелерінде сауаттылығын арттыру қажет. Балалардың семіздікке қарсы күрес бағдарламаларын енгізудің тиімділігі мен тенденцияларын бақылау үшін әр екі-үш жыл сайын балалардың семіздігіне эпидемиологиялық мониторинг жүргізу ұсынылады.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының үлгісінде балалардың дұрыс тамақтануы мәселелері бойынша жұмыс тәжірибесімен облыстық жастар денсаулық орталығының директоры Гүлжахан Нысанова бөлісті
Конференцияға 30-дан астам ұйым қатысты: Облыстардың денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының өкілдері, халықаралық және республикалық ұйымдар және т. б.