Атырау облысында өндіріс қызметкерлеріне арналған өкпенің созылмалы ауруын алдын алу бойынша семинарлар басталды

Атырау облысында Созылмалы обструктивті өкпе ауруымен (ӨСОА) күрес жөніндегі Дүниежүзілік күнге орай семинарлар сериясы басталды. Іс-шаралар «Салауатты жұмыс орындары» жобасы аясында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) мен Атырау облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтуде.

Семинарлар өндіріс орындарының қызметкерлеріне арналған және олардың ӨСОА-ның себептері, белгілері мен алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыруды көздейді. Сонымен қатар қатысушылардың өз денсаулығын сақтауға және қауіпті факторларды азайтуды ынталандыруға баса назар аударылды.

Семинар барысында ҚДСҰО-ның гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің мамандары Жансая Хамит пен Диана Тұрғұнова баяндама жасап, ӨСОА-ның дамуы мен белгілерін, кәсіби қауіп факторларын, ауруды ерте анықтау және алдын алу әдістерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ жеке қорғану құралдарын пайдаланудың маңыздылығы, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмыс орнында салауатты өмір салтын қолдайтын мәдениетті дамыту мәселелері қозғалды.

Семинардың жеке бөлігі «Салауатты жұмыс орындары» жобасына арналды. Бұл жоба аясында кәсіпорындарда қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға және кәсіби қауіптердің әсерін азайтуға бағытталған шаралар енгізілуде.

Семинарлар сериясы бір ай көлемінде жалғасып, өзге өңірлерді де қамтиды. Ұқсас іс-шаралар еліміздің әртүрлі өнеркәсіп салаларында еңбек ететін қызметкерлер үшін өткізілетін болады.