Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының базасында медициналық қызметкерлерге арналған инфекцияның алдын алу, инфекциялық бақылау және антимикробтық резистенттілік мәселелері бойынша оқыту ұйымдастырылды.
Оқытуды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) сарапшылары Гаухар Агажаева, Зейнежгүл Шакенова және Динара Омарова жүргізді. Оқу «Босандыру және бала жасындағы инфекциялық бақылау» атты біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында өтті және медициналық мамандардың инфекциялық қауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіруге, кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталды.
Бірнеше күн бойы қатысушылар инфекциялық бақылаудың заманауи тәсілдерімен танысып, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын талқылады және антимикробтық резистенттілікпен күресудің тиімді әдістерін меңгерді. Сарапшылар инфекциялық тәуекелдерді бағалау, медициналық көмек көрсету кезінде жұқпалы аурулардың алдын алу және антимикробтық препараттарды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.
Теориялық білімдер практикалық сабақтар мен жағдайлық тренингтер барысында тікелей жұмыс орындарында бекітілді. Мұндай формат дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне нақты жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін пысықтауға және кәсіби дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
Оқу нәтижесінде Ұлттық орталық сарапшылары Перинаталдық орталық бөлімшелеріндегі инфекциялық бақылау жағдайына баға беріп, оны жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар әзірледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту бағдарламалары медициналық ұйымдардағы инфекциялық қауіпсіздік жүйесін нығайтып қана қоймай, антибиотиктерді жауапты түрде қолдануға деген көзқарасты қалыптастырады және ауруханаішілік инфекциялардың даму қаупін төмендетуге ықпал етеді.