ДДСҰ және ҚДСҰ сарапшылары Жамбыл облысында вакцинация және инфекциялық бақылау мәселелері бойынша кешенді бағалау мен оқыту іс-шараларын өткізді

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰ) мамандары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қазақстандағы Елдік офисінің сарапшыларымен бірлесіп, Жамбыл облысында иммунопрофилактика және инфекциялық бақылау саласында техникалық қолдау көрсету жұмыстарын жүргізді.
Миссияның негізгі мақсаты – медициналық қызметкерлер мен педагогтардың әлеуетін арттыру, сондай-ақ вакцинация арқылы алдын алуға болатын аурулар туралы халықтың хабардарлығын күшейту болды.

Іссапар аясында сарапшылар облыстық денсаулық сақтау басқармасының тиісті мамандарымен кездесіп, өңірдегі иммундау бағдарламасының қазіргі ұйымдастырылуын, оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және ана мен баланың денсаулығын қорғау бағыттарын бағалады. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен перинаталдық орталықтарға барып, иммундау қызметтерінің сапасы мен инфекциялық бақылаудың ұйымдастырылуына сыртқы бағалау жүргізді. Медициналық қызметкерлерге тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетіліп, нақты жағдайлар талданды және тәжірибе алмасу өтті.

Мамандар кәсіби бағалаумен қатар, халықтың ақпараттандырылуы мен қатысуына ерекше назар аударды. Сапар аясында журналистер мен блогерлерге арналған «АПВ-ға қарсы вакцинация: сұрақтар мен жауаптар» тақырыбында семинар, сондай-ақ өңірдің әйел көшбасшыларына арналған «Өзгерістер жолында: жатыр мойны обырының алдын алу және вакцинацияны ілгерілетудегі әйелдердің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл кездесулер вакцинацияның маңыздылығы туралы қоғамдық диалогты дамытуға және профилактикалық шараларға деген сенімді арттыруға мүмкіндік берді.