Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін медициналық ұйымдардың саны төмендеуде. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің есебінде 23 907 денсаулық сақтау ұйымы тіркелген, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 744-ке артық. Тексеру барысында 247 нысанда (барлығының 1,03%) бұзушылықтар анықталған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,6% (325 нысан) болған.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының деректері бойынша, соңғы жылдары бұзушылықтар санының тұрақты түрде азаю үрдісі байқалады. Бұл жүйелі мониторинг жүргізу, санитариялық қауіпсіздік стандарттарын енгізу және медициналық ұйым басшыларының жауапкершілігінің артуымен байланысты.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда апатты жағдайдағы медициналық ұйымдар саны 27-ден 13-ке дейін екі есеге қысқарған. Мұндай нысандардың ең көбі Батыс Қазақстан (6) және Атырау (3) облыстарында. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында бір-бірден апатты ғимарат қалған.
Инженерлік инфрақұрылым да жақсарып келеді. 2025 жылы медициналық ұйымдардың 82%-ы (19729 нысан) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш өткен жылы 77% болған. Осылайша, бір жыл ішінде 4 013 нысан қосымша сумен қамтамасыз етілді. Ұлттық орталық мамандарының айтуынша, орталықтандырылған сумен қамтудың кеңеюі медициналық ұйымдардың санитариялық-гигиеналық жағдайына тікелей әсер етіп, медициналық көмек сапасын арттыруға және медицинамен байланысты инфекциялардың алдын алуға ықпал етеді.
Санитариялық талаптарға сай келмейтін нысандардың көбі Ақмола облысында – 65 (5,38%), Алматы облысында – 54 (4,68%), Атырау облысында – 30 (3,48%) және Қостанай облысында – 27 (2,61%) тіркелген. Ал Абай, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында бұзушылықтар анықталмаған.
Бұзушылықтардың 24%-ға азаюы және апатты ғимараттардың екі есеге қысқаруы медициналық ұйымдардың санитариялық-техникалық жағдайының жақсарғанын көрсетеді. Бүгінгі басты міндет – апатты нысандарды толық жою және инженерлік инфрақұрылымды, әсіресе ауылдық өңірлерде, одан әрі дамыту.
Санитариялық-техникалық жағдайды жақсарту – пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болып қала береді. Елде санитариялық инфрақұрылымды жаңғырту және оның жай-күйіне бақылауды күшейту жұмыстары жалғасуда.