Дезинфекциялық құралдарды қалай қауіпсіз пайдалану қажет

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде 2025 жылдың тамыз айында дезинфекциялық құралдар мен хлор буынан улану жағдайлары тіркелді. Шымкент қаласында жәндіктерге қарсы жүргізілген өңдеуден кейін балаларымен бірге бір отбасы зардап шекті, Павлодарда – хлордың артық мөлшері салдарынан монша мен бассейнге келген келушілер, ал Ақтөбеде – балабақша тәрбиеленушілері хлор ерітіндісін дұрыс пайдаланбағандықтан уланған.

Барлық зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, олардың өмірі мен денсаулығына қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл жағдайлар дезинфекция жұмыстарының қауіпсіздігін бақылау – халық денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі екенін дәлелдейді.

Өзіңіз бен жақындарыңызды қорғау үшін дезинфекция жүргізу және хлор құрамдас құралдарды қолдану кезінде төмендегі қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады.

Үй жағдайында дезинфекция жүргізу кезінде:

  • Өңдеу жұмыстарын тек лицензиясы мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар компанияларға тапсырыңыз;
  • Шартта немесе актіде қолданылған препараттың атауы, концентрациясы және әсер ету уақыты көрсетілуі тиіс. Чек пен нұсқаулықты сақтап қойыңыз;
  • Дезинфекциялық құралдарды бейберекет сауда орындарынан сатып алмаңыз — олардың қауіпсіздігіне кепілдік жоқ;
  • Өңдеуден кейін үй-жайды жақсылап желдетіп, нұсқаулыққа сәйкес ылғалды тазалау жүргізіңіз;
  • Балалар мен үй жануарларын тазалау толық аяқталғанша үйге кіргізбеңіз;
  • Алдын ала көршілерді жоспарланған өңдеу туралы ескертіңіз.

Бассейн мен моншаға барған кезде:

  • Тек санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар және судың сапасына тұрақты бақылау жүргізетін нысандарды таңдаңыз;
  • Иіске назар аударыңыз — өткір «хлор» иісі нормадан тыс концентрацияны білдіреді;
  • Судың сапасы туралы ақпарат келушілерге ашық қолжетімді болуы тиіс;
  • Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, дереу ғимараттан шығып, әкімшілікке және қажет болса санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне хабарласыңыз.

Ата-аналар мен балабақша қызметкерлеріне:

  • Хлор құрамдас ерітінділерді тек арнайы оқудан өткен қызметкерлер қолдануы керек;
  • Ерітінділер нұсқаулыққа сәйкес, арнайы белгіленген ыдыста дайындалуы тиіс;
  • Құралдар жабылатын шкафта сақталуы қажет;
  • Нұсқама жүргізу және өндірістік бақылау журналдары толтырылуы тиіс;
  • Балалар тазалау кезінде және одан кейінгі 30–60 минут аралығында бөлмеде болмауы керек;
  • Егер балада жүрек айну, жөтел, бөртпе сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгініңіз.

Егер дезинфекциялық құралдарды қолданғаннан кейін немесе үй ішінде хлор иісі пайда болып, жөтел, тамақ пен көздің ашуы, ентігу, бөртпе сияқты белгілер байқалса:

  • Дереу бөлмеден шығып, таза ауаға шығыңыз, терезелерді ашыңыз;
  • Ластанған киімді шешіп, тері мен көзді ағын сумен 10–15 минут жуыңыз;
  • Хлор құрамдас құралдарды аммиак немесе қышқылды заттармен араластырмаңыз;
  • Денсаулығыңыз нашарласа, 103 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз, өз бетіңізше көлік жүргізбеңіз.