Сүт безі обыры – бұл сүт безі тіндерінде пайда болатын қатерлі (обырлы) жасушалар. Ол агрессивті өсіммен және жылдам метастаздалатын қабілетімен ерекшеленеді.
Сүт безі обыры (СБО) республикамызда әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында 1 орын алады. 30 жастан асқан әйелдердің 92%-ы сүт безінің түрлі ауруларынан зардап шегеді, олар асқынған жағдайда сүт безі обырына ұласып кетуі мүмкін.
СБО белгілері – бұл омырауда түйіннің пайда болуы немесе омырау пішінінің өзгеруі, омыраудан патологиялық жағындылардың бөлінуі.
Сүт безі обырын дамытатын қауіп факторлары:
• Анамнезде қатерсіз сүт безі ісігінің болуы.
• Отбасылық анамнезде алғашқы буын туыстарында сүт безі обырының болуы (анасы, қызы немесе әпкесі).
• Етеккірдің ерте (<10 жасынан) немесе кеш (>16 жасынан) басталуы.
• Кеш жүктілік немесе жүктілік/босанудың болмауы.
• Ішімдікті пайдалану.
• Шылым шегу, әсіресе жастайынан.
• Семіздік, қант диабеті.
• Жыныс органдарының қабынбалы аурулары, аналық без ісігі.
• Психикалық және эмоционалдық жүктемелер, күйзеліс болып табылады.
Сүт безі обырын анықтау әдістері: қарап тексеру және анамнез жинау, рентгендік маммография, ультрадыбыстық зерттеу жүргізу.
Сүт безі обырының алдын алу:
• дәрігерде тұрақты тексерілу, скринингтен өту
• маммография (40 жастан асқан әйелдерге)
• ультрадыбыстық зерттеу жүргізу (40 жасқа дейінгі әйелдерге)
• ай сайын өздігінен тексеруден өту.
Сүт безі обырын ерте сатысында анықтаса, оны емдеуге болады. Одан толық сауығу ықтималдығы 94%-ды құрайды.