ҚДСҰО қызметкерлері 2019 жылғы 11-13 сәуірде Сербия Нови Сад қаласында өткен «Exercise and Quality of Life 2019: From Active Childhood to Healthy Aging» («Дене белсенділігі және өмір сүру сапасы 2019: белсенді балалық шақтан салауатты қартаюға дейін») халықаралық конференциясына қатысты.
33 елден келген қатысушылар соңғы ғылыми және кәсіби идеяларымен, зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Дене белсенділігі және денсаулық саласындағы тәжірибелермен алмасты, бұл ретте өмір сүру сапасының биологиялық, медициналық және психоәлеуметтік факторларын ескере отырып дене шынықтырумен айналысу маңыздылығына айрықша назар аударылды.
Конференцияда кең ауқымды тақырыптар, оның ішінде өмір сүру, денсаулық сапасын зерттеу, дене белсенділігі мен спорт ғылымы, дене тәртібі, медицина, оңалту, салауатты қартаю, психология және биомеханика тақырыптары қамтылды.
ҚДСҰО балалар семіздігінің таралуы (COSI, https://hls.kz/uploads/scientific-facts/rus/cosi-nac-otchet-detskoe-ojirenie.pdf) және мектеп жасындағы балалардың мінез-құлқы (HBSC) бойынша Қазақстандағы екі зерттеу нәтижелері туралы екі баяндамасын ұсынды.
Күн сайын кемінде 60 минут дене белсенділігімен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің саны есеюіне қарай, 9 жасар балалар арасында 68,1%-дан бастап 15 жасар балалар арасында 35%-ға дейін айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ, күніне теледидар алдында 2 не одан көп уақыт өткізетін балалардың үлесі 9 жасар балалар арасында 25%-дан бастап 15 жасар балалар арасында 53%-ға дейін артқан.
HBSC деректері бойынша, күнделікті дене белсенділігімен айналысатын және теледидар, планшет, смартфон экрандары алдында кемінде 3 сағат өткізетін 11-15 жастағы қазақстандық жасөспірімдер арасында психикалық жағдайы жақсы жасөспірімдердің үлесі артып жатқаны байқалады. Дегенмен, 11-15 жас аралығындағы психикалық денсаулығы дұрыс жасөспірімдердің үлесі экран алдында көп уақыт өткізіп, физикалық жүктеменің төмендеуіне байланысты азаюда.
Осылайша, күн сайын кемінде 60 минут дене белсенділігімен айналысу және гаджет экраны алдында уақыт өткізуді шектеу Қазақстанның балалары мен жасөспірімдері арасында психикалық денсаулықтың нашарлауынан сақтайтын қорғаушы фактор болып табылады.