2019 жылғы 26 ақпан – 1 наурыз аралығында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының және орталық филиалдарының қызметкерлері еліміздің төтенше жағдайларға дайындық және ден қою әлеуетін нығайту мақсатында имитациялық оқу-жаттығуларды әзірлеу және өткізу, қауіп-қатерлерді бағалау жөніндегі тренингке қатысты.
Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан өкілдерінің қатысуымен өткізілген тренингті ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросы ұйымдастырды, тренинг Бішкек қаласында (Қырғызстан) өтті.
Қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі ДДСҰ бағдарламасымен және қауіп-қатерді бағалау үшін стратегиялық құралдармен танысты.
Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ахуалына қауіп-қатерді стратегиялық бағалау әртүрлі уақытта, түрлі мақсатта және қауіп-қатерлерді басқару циклінің әртүрлі кезеңдерінде жүргізілуі мүмкін екендігін атап кеткен жөн. Бұл алдын алу, дайындықты қамтамасыз ету, ден қою және қалпына келтіру. Әртүрлі төтенше жағдай сатыларында нақты іс-қимылдарды негіздеу үшін әртүрлі медициналық-санитариялық ақпарат түрлері қолданылады.
Қауіп-қатерді бағалаудың барлық түрлерінде мынадай: қауіптіліктің сипаттамалары; осы немесе өзге де қауіптілікке қатысты еңсеру әлеуеті, қауіптіліктің қолайсыз әсері және оның медициналық-санитариялық салдары сияқты параметрлер талданады.
Қауіп-қатерді стратегиялық бағалауды қолдану мақсаты: тәуекел деңгейі бойынша басым қауіп-қатерлерді анықтау мен жіктеуге нақты деректерге негізделген тәсілді қамтамасыз ету; әрбір қауіп-қатерді жеңілдету бойынша даярлық және дайындық деңгейін айқындау, қауіп-қатерлерді басқару стратегиялары мен жоспарларын әзірлеу кезінде пайдалану.