ҚДСҰО: Нипах вирусынан сақ болыңыз

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Нипах вирусының таралуына байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.
Вирус – адамға жарғанаттардан, шошқалардан, сондай-ақ ластанған азық-түлік пен науқас адаммен тығыз қарым-қатынас арқылы жұғатын қауіпті зооноздық инфекция.
Қазіргі уақытта Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бұл вирус жұқтырудың 5 жағдайы тіркелді. Нипах вирусына қарсы вакцина да, нақты емі де жоқ, сондықтан алдын алу шараларын сақтау аса маңызды.
Егер Нипах вирусы анықталған өңірлерге сапар жоспарлап отырсаңыз, мына сақтық шараларын ұстаныңыз:

  • Жарғанаттармен, шошқалармен және басқа да жабайы жануарлармен жақындаспаңыз;
  • Қолды сабынмен жиі жуып, антисептик пайдаланыңыз;
  • Тек қауіпсіз (қайнатылған немесе бөтелкедегі) ауыз суды ішіңіз;
  • Шикі финик шырынын және жануарлар ластауы мүмкін тағамдарды ішіп-жеуден бас тартыңыз;
  • Жеміс-жидектер мен көкөністерді мұқият жуып, қабығын аршып тұтыныңыз.

Егер сапардан кейін дене қызуының көтерілуі, жөтел, қатты бас ауруы сияқты белгілер пайда болса – дәрігерге дереу қаралып және шетелге шыққаныңызды міндетті түрде ескертіңіз.