Тырысқақ және жедел ішек инфекциялары: саяхатшыларға арналған алдын алу шаралары

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы әлемде тырысқақ (холера) және жедел ішек инфекцияларының (ЖІИ) эпидемиологиялық белсенділігі сақталуына байланысты, әсіресе шетелге сапарға шығу кезінде санитариялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Аталған инфекциялар көбіне ластанған су және тағам арқылы жұғады және ауыр диарея, құсу, тез сусыздану сияқты қауіпті белгілерге әкелуі мүмкін.

Халықаралық эпидемиологиялық мониторинг деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемнің шамамен 60 елінде тырысқақ жағдайлары тіркелген, бұл профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін көрсетеді.

Қауіп жоғары елдер мен өңірлер

Тырысқақ бойынша қолайсыз жағдай көбіне Африка, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс аймақтарында, сондай-ақ Американың жекелеген аумақтарында байқалады.

Таяу Шығыс: Йемен, Сирия, Ирак
Оңтүстік Азия: Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Бангладеш, Непал
Америка: Гаити, Доминикан Республикасы
Африка (мысал елдер): Конго Демократиялық Республикасы, Судан, Нигерия, Сомали, Кения, Танзания, Мозамбик, Малави, Замбия, Зимбабве, Уганда, Эфиопия, Оңтүстік Судан, Камерун, Ангола, Бурунди, Нигер, Того, Бенин, Гана, Конго Республикасы, Комор аралдары.

Ескерту: эпидемиологиялық жағдай уақыт өте өзгеруі мүмкін. Сондықтан сапар алдында бағыт бойынша өзекті ақпаратты нақтылау және алдын алу талаптарын барлық жағдайда сақтау ұсынылады.

Саяхатшыларға арналған ұсынымдар: әрекет алгоритмі

Сапарға дейін

  • барар елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды алдын ала нақтылау;
  • жол қобдишасына ауыз арқылы регидратация тұздарын (ОРС) және қол антисептигін енгізу;
  • ұзақ сапар немесе жоғары қауіп факторлары болған жағдайда дәрігер кеңесін алу.

Сапар барысында

  • тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану (соның ішінде тіс тазалау кезінде);
  • шығу тегі белгісіз мұздан және сусындардан бас тарту;
  • тағамды міндетті түрде толық термиялық өңдеуден өткен күйде тұтыну;
  • шикі теңіз өнімдерін, күмәнді көше тағамдарын пайдаланбау;
  • жемістерді өзіңіз тазалап жеу, көкөністерді қауіпсіз сумен мұқият жуу;
  • қол гигиенасын сақтау (сабынмен жуу немесе антисептик қолдану).

Сапардан кейін

Егер сапар кезінде немесе қайтып келгеннен кейін жиі судай іш өту, қайталамалы құсу, қатты әлсіздік, шөлдеу, сусыздану белгілері пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге міндетті түрде қай елде болғаныңызды және сапар күндерін хабарлаңыз.

Суды қауіпсіз тұтыну, тағам қауіпсіздігі және жеке гигиена қағидаларын сақтау — тырысқақ пен басқа да жедел ішек инфекцияларының алдын алудың негізгі шаралары болып табылады.