АҚШ-та қауіпті саңырауқұлақ инфекциясы таралуда
АҚШ-тың Теннесси штатында гистоплазмоз ауруының тіркелуі артты. Бұл – Histoplasma capsulatum саңырауқұлағы қоздыратын өкпенің инфекциялық ауруы. Штаттың денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, соңғы үш айда Мори және Уильямсон округтерінде 35-тен астам жағдай расталған.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бір әйел адам гистоплазмоз жұқтыру салдарынан қайтыс болған, ал диагноз оның өлімінен екі күн өткен соң зертханалық жолмен нақтыланған. Денсаулық сақтау органдары жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, инфекция белгілері байқалған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын ескертеді.
Шри-Ланка: су тасқынынан кейін денге дерті күрт көбейді
Шри-Ланканың Баттикалоа ауданында су тасқыны мен муссон жаңбырларынан кейін денге қызбасының таралуы күрт артты. Аймақтық денсаулық сақтау қызметінің дерегінше, бірнеше елді мекенде науқастар саны бірден көбейіп, бұл тексерулер мен алдын алу рейдтерін күшейтуге себеп болды.
Мамандар 400-ден астам тұрғын үйді тексеріп, қоғамдық орындарды қоса алғанда, бірқатар нысандарда денге тарататын масалардың дернәсілдерін анықтады. Билік инфекция ошақтарын бақылау және аурудың әрі қарай таралуын болдырмау шараларын күшейтіп жатыр.
Таиланд: 2022 жылдан бері маймыл шешегінің шамамен 1000 жағдайы тіркелген
Таиландта 2022 жылдан бері маймыл шешегі ауруының шамамен 1000-ға жуық жағдайы тіркелген, олардың басым бөлігі Бангкок қаласына тиесілі. Науқастардың көпшілігі белгісіз серіктестермен жыныстық қатынаста болғанын хабарлаған.
Билік тұрғындарға және туристерге теріде түсініксіз бөртпе мен күлдірік белгілері бар адамдармен жақын байланыстан аулақ болуға кеңес береді, әсіресе адам көп жиналатын және туристік орындарда сақ болу қажет. Ауруға шалдыққандардың негізгі бөлігі – еңбекке қабілетті жастағы ер адамдар, жалпы жағдайлардың шамамен 97%-ы ерлер арасында тіркелген. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 933 жағдай расталып, 13 өлім жағдайы тіркелген.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы шетелге шығатын Қазақстан азаматтарына сапар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық ахуалды алдын ала анықтауға және қажет болған жағдайда екпе алуға кеңес береді. Сондай-ақ жеке гигиена ережелерін сақтауға, шикі суды және көше тағамдарын тұтынбауға кеңес береді.