Елімізде ботулизмге шалдығу көрсеткішінің төмендеуі байқалуда. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг орталығы ұсынған деректерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 10 айында тіркелген жағдайлар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,61%-ға төмендеген.
Сырқаттанушылықтың ең елеулі төмендеуі Алматы және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында тіркелген. Алайда Түркістан, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында ботулизмге шалдығу жағдайларының өсімі байқалуда.
2024 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында (0–14 жас – 1 жағдай, 15–17 жас – 2 жағдай) тіркелсе, 2025 жылы бұл жас топтарында ешбір жағдай анықталмаған. Абай, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында және Астана қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты күйде сақталуда. Жалпы, сырқаттанушылықтың төмендеуіне қарамастан, алдын алу шараларын күшейту қажет.
Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, науқастардың басым бөлігі үй жағдайында дайындалған консервілерді (маринадталған қияр, қызанақ, баклажан және саңырауқұлақтар) тұтынған.
Күз мезгілі мен қысқы мерекелер қарсаңында үйде дайындалған консервілерді тұтыну жиілейді, бұл өкінішке қарай жыл сайын ботулизм секілді аса қауіпті улану жағдайларымен қатар жүреді. Ботулизм – Clostridium botulinum бактериясының уыты арқылы қозатын жіті токсикоинфекциялық ауру. Бұл уыт – ғылымға белгілі ең күшті биологиялық удың бірі. Оның болмашы мөлшерінің өзі тыныс алу бұлшықеттерінің салдануына әкеліп, адам өміріне қауіп төндіреді.
Ботулизм қоздырғышының споралары табиғатта кең таралған – топырақта, лайда, шаңда, жануарлар мен құстардың, балықтардың ішектерінде кездеседі. Үйде дайындалған консервілер ерекше қауіп төндіреді, себебі оттегі жетіспейтін, герметикалық жабық банкаларда бактериялар көбейіп, уыт түзуге қолайлы жағдай қалыптасады. Көбіне консервіленген саңырауқұлақтар, көкөніс пен ет консервілері, ысталған және кептірілген балық, рұқсат етілмеген жерлерде қолдан сатылатын өнімдер улануға себеп болады.
Ботулинум уытының басты қауіптілігі – оның тағамның дәмін, иісін және түсін өзгертпейтіндігінде. Яғни, тұздық та, маринад та қауіпті токсиннің бар екенін «айтып бермейді».
Инкубациялық кезең әдетте 6 сағаттан 2–3 күнге дейін, кейде 10 күнге дейін созылады. Ауру кенеттен басталып, әлсіздік, бастың айналуы, ауыздың құрғауы секілді белгілермен басталады. Артынша көрудің бұзылуы (қосарланған көру, бұлдырлық), мәтінге зейін сала алмау, сөйлеу және жұтынудың қиындауы, қабақтың түсуі, бет бұлшықеттерінің әлсіреуі, дауыстың қарлығуы байқалады. Температура көбіне қалыпты болып қала береді. Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, тыныс алу бұлшықеттері салданып, тұншығу салдарынан өлімге әкелуі мүмкін.
Уыт 80 °C температурада 30 минутта, ал 100 °C-та 10 минутта залалсызданады. Ауру белгілері жұққаннан кейін бірнеше сағаттан бастап бес күнге дейінгі аралықта білінуі мүмкін. Науқас қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Аурудан кейін иммунитет қалыптаспайды, қайталану қаупі бар.
Егер ботулизмге тән белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақырып, науқасты ауруханаға жатқызу қажет. Өзін-өзі емдеуге болмайды – тек арнайы медициналық көмек пен ботулинге қарсы сарысу енгізу өмірді сақтап қала алады. Ботулизмге қарсы жоспарлы вакцинация қарастырылмаған.
Алдын алу шаралары:
- Консервіленген өнімдерді салқын (+10 °C-тан аспайтын), қараңғы жерде сақтау;
- Қақпағы көтерілген, түсі немесе иісі өзгерген консервілерді тұтынбау;
- Қақпағы ісінген банкаларды ашпай, қауіпсіз түрде жою;
- Сапасына күмән бар өнімнің дәмін татпау;
- Үй консервілерін тұтынар алдында 15–20 минут қайнату;
- Қайта термиялық өңдеусіз консервілерді қайта қолданбау;
- Рұқсат етілмеген сауда орындарынан немесе жеке адамдардан үй консервілерін, тұздалған, ысталған, кептірілген өнімдерді сатып алмау;
- Банкада дайындалған күнін белгілеу – өнімдерді 12 ай ішінде тұтыну;
- Ашылған банктерді тоңазытқышта сақтау және 1 күн өткен соң қолданбау;
- Отбасы мүшелеріне, әсіресе балаларға, сақтық ережелерін түсіндіру. Көп жағдайда улану – дайын өнімді тексермей, байқамай жеуден болады.
Сырқаттанушылықтың төмендегеніне қарамастан, аурудың ошақтық өршу қаупі сақталады. Сондықтан алдын алу – халықтың денсаулығын қорғаудың басты шарты.
Есіңізде болсын! Ботулизм – тек жай улану емес, өнімнің сыртқы көрінісінен немесе дәмінен анықталмайтын өлімге әкелетін қауіп. Алдын алу – ең сенімді қорғаныс жолы. Тазалықты сақтау, технологиялық талаптарды орындау, дұрыс термиялық өңдеу және азық-түлік таңдауда ұқыпты болу – өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін сақтау кепілі.