Астанада Жастар денсаулығы орталықтарында психикалық денсаулық қызметін дамыту мәселесі талқыланды

Астана қаласында Жастар денсаулығы орталықтарында (ЖДО) жасөспірімдер мен жастарға көрсетілетін психикалық денсаулық қызметтерін дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) және БҰҰ Балалар қоры (UNICEF) тарапынан атқарылған бірлескен жұмыстың нәтижелері ұсынылып, психоәлеуметтік қолдау қызметтерінің жаңа стандарттарын тұрақты түрде енгізу жолдары талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, халықаралық және ұлттық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары, психикалық денсаулық саласындағы сарапшылар, сондай-ақ Астана қаласындағы Жастар денсаулығы орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша елдің барлық өңірін қамтитын 90-ға жуық Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар 10-нан 29 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың психикалық және репродуктивтік денсаулығына қатысты қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етіп отыр.

Ұлттық орталық басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова өз сөзінде психоәлеуметтік қолдау қызметтерін кеңейту мен біріздендірудің маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Жастар денсаулығы орталықтары жасөспірім мен жастарға қажетті көмекті, қолдауды және қорғауды ұсынатын құзыретті орталықтарға айналуы тиіс.

Іс-шара аясында ҚДСҰО мен UNICEF арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижелері сараланып, жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйені одан әрі дамыту жолдары қаралды. Қатысушылар сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді көздейтін бірлескен жұмыс жоспарының жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ 10–18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балалар мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулық бойынша медициналық көмек көрсету стандарттарына енгізілетін өзгерістерді талқылады.

Маңызды өзгерістердің бірі – қызмет алушылардың жас шегін 10 жастан 25 жасқа дейін кеңейту ұсынылып отыр. Сонымен қатар, аудан деңгейінде Жастар денсаулығы орталықтарын ашуға мүмкіндік беретін өзгерістер қарастырылуда. Бұл ауыл жастары үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Бұдан бөлек, жастар денсаулығы кабинеттерін енгізу және мамандардың іс-қимылына қатысты нақты алгоритмдерді бекіту жоспарланып отыр.

Аталған өзгерістер жастар мен жасөспірімдерге көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, психикалық денсаулықты нығайтуға, стигманың алдын алуға және салааралық ықпалдастықты жақсартуға мүмкіндік береді.

Іс-шарада сондай-ақ Жастар денсаулығы орталықтары базасында үздік тәжірибе орталықтарының жұмыс істеу моделінің таныстырылымы өтті. Бұл модельдің мақсаты – Қазақстанда жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулығын қорғауға арналған ғылыми негізделген, интеграцияланған және тұрақты жүйе құру. Жаңа тәсіл алдын алу, ерте анықтау және эмоционалдық әл-ауқатты қолдау бағыттарын қамтиды. Модель аясында дәлелді медицинаға негізделген тәсілдер мен заманауи технологияларды қолдану жоспарлануда.

Салааралық ынтымақтастық арқылы мұндай орталықтар психоәлеуметтік қолдауды тұрақты әрі қолжетімді етуге, сондай-ақ психикалық қиындықтарды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.