Дүниежүзілік созылмалы обструктивті өкпенің ауруымен (ӨСОА) күрес күнінің қарсаңында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлеріне арналған «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы аясында оқыту семинарларын жалғастыруда. Бағдарлама еңбек жағдайларындағы зиянды факторлардың әсерін азайтуға, кәсіби аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз еңбек ортасын дамытуға бағытталған. Әсіресе тыныс алу жүйесіне жүктемесі жоғары салаларда еңбек ететін қызметкерлер үшін бұл бастама өзекті.
Алматы және Қонаев қалаларында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің мамандарын, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін, кәсіпкерлерді және қаланың ірі өндіріс орындарының қызметкерлерін біріктірген кезекті оқыту семинарлары өтті.
Семинар барысында Ұлттық орталықтың басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова ӨСОА-ның пайда болу себептері мен даму механизмдеріне, еңбек жағдайларымен байланысты негізгі қауіп факторларына тоқталып, тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруларының алдын алудың заманауи тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі нормаларын сақтау, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану және корпоративтік денсаулық мәдениетін дамыту маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Семинарда «Салауатты жұмыс орындары» жобасының мақсаттары мен негізгі бағыттары да таныстырылды. Жоба қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға, кәсіби тәуекелдерді төмендетуге және кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға бағытталған.
Қатысушылар ұсынылған материалдың практикалық құндылығын және тақырыптардың өзектілігін атап өтті. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай оқыту іс-шаралары өндірістегі профилактикалық жұмысты күшейтуге, қызметкерлердің кәсіби тәуекелдер туралы хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді. Көптеген қатысушылар бағдарламаны еліміздің өзге өңірлерінде де кеңейтуге мүдделілік білдірді.