Шаршау жүргізушінің басты жауына қалай айналады және бұл жайлы сарапшылар не дейді?
Еліміздің жолдарында күн сайын мыңдаған жүргізуші қозғалыста: бірі – жұмысқа асығып, енді бірі – нәпақасын табу қамымен такси не қалааралық бағытта жүр. Бірақ сол күнделікті сапарлардың астарында ең үлкен қауіп – шаршау жасырын тұр.
Жаңалықтардан әдетте жол-көлік оқиғаларына шаршау, дұрыс ұйықтамау, зейіннің жоғалуы, техникалық бұзылыс сияқты бірдей факторлар себеп болатынын жиі естиміз. Мамандардың айтуынша, шаршаған жүргізушінің рөлге отыруы бұзылған көлікпен жүруден әлдеқайда қауіпті.
«Ұйқысы қанбаған адамның реакциясы екі есе баяулайды, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы гигиена және денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Жансая Хамит. – 18 сағат бойы ұйықтамаған адамның миы 0,5 промилле алкоголь ішкен адамның миындай жұмыс істейді. Бұл – жеңіл масаңдық күйіне тең.»
Тынығу – еркелік емес, қажеттілік
Ұзақ жолға шығар алдын кемі 7-8 сағат ұйықтау керек. Ұйықтамау зейінді нашарлатады: жүргізуші жол белгілерін, алдынан аяқасты тоқтаған адамды немесе көлікті, жолға жүгіріп шыққан жануарды байқамай қалуы мүмкін.
Жол ұзақ болса, сарапшылар әр 2-3 сағат сайын тоқтап, денені жазып, таза ауа жұтып, жуынып, сергіп алуға кеңес береді. Аз үзілістің өзі миға зейінді қалпына келтіруге көмектеседі.
Қыста жолға ерекше назар аударып, сапарыңызды мұқият жоспарлау керек. Өйткені қараңғы ерте түседі, шаршау, айналаның дұрыс көрінбеуі мен тайғақ жол апат қаупін күшейтеді. Қыс мезгілінде күн жарықта жолға шығып, баратын жеріңізге қараңғы түспей жетіп алуға тырысыңыз.
Көлік пен жүргізуші дайындығы
Жолға шығар алдын техникалық бақылау жүргізіп, көліктің дөңгелегі мен тежегішінен бастап, жарығы мен сұйықтық деңгейіне дейін – бәрін тексеріп шығу керек.
Жолда көліктің іші қатты ыстық болмауын қадағалаңыз. Өйткені 24°C жоғары температурада адамды ұйқы қысады. Қалыпты температураны, яғни 18–22°C сақтаған дұрыс.
Дұрыс тамақтану да маңызды. Жолға шығарда ауыр тамақ ішсеңіз, денені енжарлық басады. Оның орнына сорпа, ботқа, салат сияқты жеңіл тағамдарды таңдаған жөн.
«Майлы тамақ ішу бір бокал шарап ішкенмен бірдей деңгейде зейінді төмендетеді, дейді сарапшы. – Әсіресе, ауыр тамақ пен энергетикалық сусынды араластыруға болмайды: бұл жүрекке екі есе салмақ түсіреді».
Энергетикалық сусын – сергектік иллюзиясы
Жүргізушілердің көбі шаршағанын басу үшін кофе немесе энергетикалық сусындар ішеді. Бірақ кофеин әсері екі сағатқа ғана жетеді, одан кейін энергия күрт азаяды.
«Энергетикалық сусындар уақытша күш-қайрат береді де, артынша қатты шаршау, ашушаңдық пен бас ауруына себеп болады. Бұл алдамшы әсер: өзіңізді сергек сезінесіз, бірақ миыңыз «ұйықтап жатады»», – деп ескертеді Жансая Хамит.
Ұйқыңыз келсе, көлікті тоқтатып, тым болмаса, 20-30 минутқа көз іліп алған жөн. Бұл жолды автопилот режимінде жалғастырудан әлдеқайда қауіпсіз.
Телефон, әңгіме және қатты музыка
Ми бір мезетте екі бірдей тапсырмаға зейін қоя алмайды. Құлаққап арқылы болсын телефонмен сөйлесу жолдағы зейінді 30-40% төмендетеді. Жолаушылармен дауыстап сөйлесу, музыканы қатты қою да қауіп факторына жатады.
«Көбі рөлде ұйықтап қалмас үшін қатты музыка қояды, бірақ бұл кері әсер береді, ми одан тезірек шаршайды», – дейді маман. – Оның орнына подкаст немесе назарды бұзбайтын тыныш әуен тыңдаған жөн».
Жауапкершілік – көлік жүргізудің бір бөлігі
Әр жүргізуші өзі үшін ғана емес, жанындағы адамдар үшін де жауапты. Бұл әсіресе, жолаушы тасымалы саласында істейтін азаматтарға қатысты. Олардың көлігінде жай клиенттер ғана емес, біреудің отбасы, балалары мен жақындары отырғанын ұмытпау керек.
«Мүлде бармағаннан, кешігіп болсын, аман-есен жеткен жақсы. Жолда ұсақ-түйек деген болмайды, демалыс – қауіпсіздік белдігі немесе тежегіш сияқты маңызды қауіпсіздік элементі», – дейді Жансая Хамит.
Өзіңізді, жақындарыңыз бен сізді үйде күтіп отырған адамдарды аяңыз.
Ұйықтап, үзіліс жасап, тынығып алыңыз, сонда сапарыңыз шынымен қауіпсіз болады.