Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы бойынша тұрақты түрде апталық мониторинг жүргізіп келеді.
Қыркүйек айының басынан бері елде 1,1 миллионға жуық ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға аз. Өткен аптада 106 мыңнан астам жағдай анықталды, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 30 пайызға төмен.
Зертханалық тексерулер нәтижесінде еліміздің он өңірінде (Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы) тұмаудың А (H3N2) вирусы – «гонконгтық» штаммы анықталды. Бұл вирустық түр қазіргі эпидемиологиялық маусымға арналған тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген.
Сонымен қатар риновирус, бокавирус, РС-вирус, аденовирус және парагрипп вирустары да айналымда жүр.
Коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты. Аптасына шамамен 10 жағдай тіркеліп отыр. 2025 жылдың басынан бері 947 расталған жағдай анықталды, оның 5-і соңғы аптада тіркелген. Қазіргі таңда елде XFG («стратус») деп аталатын рекомбинантты коронавирус нұсқасы басым. Бұл штаммның жұқпалылығы жоғары болғанымен, ауру жеңіл түрде өтеді. Негізгі белгілері – жөтел, тамақтың ауруы, дауыс қарлығуы, мұрын бітелуі, бас ауыруы, әлсіздік және бұлшық еттің сырқырауы. Ауыр асқынулар өте сирек кездеседі.
Тұмаудың алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 2 миллионнан астам «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Бүгінгі күні 1,8 миллион адам егілді, бұл халықтың 9 пайызын құрайды. Мемлекеттік бюджет есебінен тәуекел тобына кіретін азаматтар – медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша екпе алуы тиіс тұлғалар вакцинамен қамтылуда. Сондай-ақ екпе жұмыс берушілер мен азаматтардың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде, вакцинация жалғасып жатыр.
1 қазаннан бастап елдің медициналық ұйымдарында науқастар мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында міндетті түрде бетперде тағу тәртібі енгізілді.
Қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, вокзалдарда, әуежайларда және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бетперде тағу ұсынылады.
«Эпидемиологиялық маусымды ескере отырып, қоғамдық орындарда және суық тию белгілері байқалған жағдайда маска қолдануды ұсынамыз. «Егер адам ауырып тұрса – маска тағу міндетті. Ал дені сау болса да, адамдар көп шоғырланатын жерге барғанда маска таққан жөн», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл.
Мамандар аурушаңдық деңгейі маусымдық шектерде екенін атап өтті. Дегенмен, маска тағу мен өзге де алдын алу шараларын сақтау денсаулықты қорғаудың және инфекциялардың таралуын болдырмаудың маңызды тетігі болып қала береді.