Еліміздің өңірлерінде Созылмалы обструктивті өкпе ауруымен (ӨСОА) күрес жөніндегі дүниежүзілік күнге орай оқыту семинарлары жалғасуда. Кезекті кездесу Тараз қаласында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары үшін өтті.
Іс-шара «Салауатты жұмыс орындары» жобасы аясында, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды.
Семинарлардың басты мақсаты – жұмысшылардың ӨСОА-ның себептері, белгілері мен алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және ауру қаупін азайтуға бағытталған мінез-құлықты ынталандыру.
Оқытуға өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың шамамен 50 қызметкері қатысты. Семинарды Ұлттық орталықтың Гигиена және денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын мониторингтеу және талдау бөлімінің бас маманы Жансая Хамит жүргізді.
Қатысушылар ӨСОА-ның алғашқы белгілерін қалай анықтауға болатынын, жұмыс орнындағы қандай факторлар ауру қаупін арттыратынын, өкпені қорғауға көмектесетін алдын алу шараларын және жеке қорғаныс құралдарын қолданудың, корпоративтік денсаулық мәдениетін дамытудың маңыздылығын талқылады.
«Салауатты жұмыс орындары» жобасы еңбек жағдайларын жақсартуға, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға және кәсіби қауіп-қатерлердің әсерін төмендетуге бағытталған.