Орталық Азия елдері пандемиялардың алдын алу және орнықты болашақ үшін күш біріктіруде

Душанбеде «Пандемиялардың алдын алу, азық-түлік жүйелерінің орнықтылығы және экожүйелердің саулығы үшін Біртұтас денсаулық» атты алғашқы өңірлік конференция өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология министрліктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференция трансшекаралық биологиялық қатерлерге дайындықты күшейту, ерте ескерту жүйелерін дамыту және «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасын ұлттық және өңірлік саясаттарға енгізу мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Конференция барысында «Біртұтас денсаулық» жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің (ROHCC) алғашқы отырысы өтті. Қатысушылар Кеңестің ережесі мен мандатының жобасын қарастырып, келесі жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Сондай-ақ адамдардың, жануарлардың және қоршаған ортаның саулығына төнетін қауіптерді ерте анықтауға бағытталған өңірлік деректер алмасу платформасын құру мәселесі талқыланды. Кеңестің құрылуы «Біртұтас денсаулық» қағидатын ілгерілету және өңірлік ынтымақтастықты институционалдандыру жолындағы маңызды қадам болды.

Қазақстан тарапынан конференция жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет және саясат департаменті, сондай-ақ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл қатысты.

Конференция Тәжікстан Үкіметінің бастамасымен, Дүниежүзілік банк, Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы (CAREC) және «Біртұтас денсаулық» бойынша төртжақты альянстың қолдауымен ұйымдастырылды. Альянс құрамына БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым (ВОЗЖ) және БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) кіреді.

«Біртұтас денсаулық» – адамның, жануарлардың және қоршаған ортаның өзара байланысын мойындайтын көпсалалы тұжырымдама. Бұл тәсіл дәрігерлердің, ветеринарлардың, экологтардың және мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін біріктіре отырып, денсаулыққа төнетін қауіптердің алдын алуға және оларға уақтылы әрекет етуге бағытталған.

Аталған тәсіл адамдар мен жануарлар арасында таралатын аурулар – COVID-19, құс тұмауы және құтыру секілді зооноздық инфекциялардың алдын алу мен оларға қарсы күресте ерекше маңызға ие. «Біртұтас денсаулық» қағидаты ғылым мен саясатты, медицина мен ветеринарияны, экология мен қоғамдық денсаулық сақтауды тоғыстыра отырып, қауіпсіз әрі орнықты болашақ қалыптастыруға ықпал етеді.