Қазақстан делегациясы нашақорлықтың алдын алу саласындағы Тәжікстан тәжірибесін зерттеді

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының (РПДҒПО) делегациясы жұмыс сапарымен Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Нашақорлықтың мониторингі және профилактикасы жөніндегі ұлттық орталығында болды.

Сапар Қазақстан Республикасындағы психикалық денсаулықты сақтау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің хаттамалық тапсырмасын іске асыру және Нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық мониторинг орталығын құру аясында өтті.

Іссапар барысында қазақстандық делегация Ұлттық орталықтың, Республикалық наркологиялық және оңалту орталықтарының қызметімен танысып, наркологиялық көмекті ұйымдастырудың барлық кезеңдерін – ерте анықтаудан бастап науқастарды әлеуметтік бейімдеуге дейінгі жұмыстарды зерделеді.

Делегация құрамында ҚДСҰО басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл, ҚДСҰО гигиена және денсаулық сақтау департаментінің директоры Жанар Тюлюбаева, сондай-ақ РПДҒПО тәуелділікті емдеу бөлімінің меңгерушісі Наргиза Қасымова болды.

Бағдарлама шеңберінде нормативтік-құқықтық базаны, нашақорлық жағдайы туралы деректерді жинау және талдау әдістемесін, мониторинг жүйесін, сондай-ақ ұлттық есептер мен профилактикалық науқандарды дайындау тәжірибесін зерттеу қарастырылды. Ерекше назар амбулаториялық және стационарлық наркологиялық көмек көрсету, метадонмен алмастыру терапиясы, диагностика, есепке алу және психоәлеуметтік оңалту бағдарламаларына аударылды.

Талқылаудың жеке бағыттарының бірі – медициналық қызметтер арасындағы деректерді біріктіру, сондай-ақ Тәжікстанның стигманы азайту, жастар арасындағы профилактика және синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы іс-қимыл тәжірибесі болды. Бұл бағыттар Қазақстан үшін нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық мониторинг орталығын құруда ерекше маңызға ие.

Манар Смағұлдың айтуынша, Тәжікстан жоғары транзиттік жүктеме жағдайында нашақорлыққа тәуелді адамдарға жүйелі мониторинг пен кешенді көмек көрсету бойынша мол тәжірибе жинақтаған.
«Бұл сапар бізге тек жаңа білім ғана емес, нақты практикалық құралдар – есеп нысандары, хаттамалар мен көрнекі материалдар берді. Біз оларды өз жұмысымызда бейімдеп пайдалануды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Қазақстан делегациясының бұл сапары екі ел арасындағы нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және психикалық денсаулықты сақтау бағытында тиімді тәсілдерді енгізудегі маңызды қадам болды.