Елордада «Жаһандану жағдайындағы инфекциялық аурулар: жаңа сын-қатерлер және шешімдер» тақырыбында IV Халықаралық инфекционистер конгресі өтіп жатыр.
Конгрестің мақсаты – мамандардың кәсіби білімін кеңейту, инфекциялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері бойынша тәжірибе алмасу. Ерекше назар пандемиялар, жаңа пайда болған жұқпалы аурулар, антибиотиктерге төзімділіктің артуы, урбанизацияның инфекциялардың таралуына ықпалы, сондай-ақ климаттық және экологиялық өзгерістер жағдайында жаңа эпидемиялардың алдын алу жолдарына аударылды.
Конгреске Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан жетекші инфекционистер мен эпидемиологтар, сондай-ақ жас ғалымдар қатысуда. Негізгі бағыттардың бірі – зооноздық, респираторлық, перинаталдық және ішек инфекцияларының эпидемиологиясы.
Баяндамалармен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының өкілдері сөз сөйледі. Басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингтің ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары Айнагүл Қуатбаева, Лена Қасабекова және Ақнұр Мұталиева ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай, антибиотиктерге төзімділік, АПВ-инфекция және инфекциялық ауруларға геномдық қадағалау мәселелері жөнінде мәлімет ұсынды.
Конгресс кәсіби диалог жүргізу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және қоғамдық денсаулық сақтау мен инфекциялық бақылау саласында тиімді шешімдер әзірлеу үшін маңызды алаң болып қала береді.