Қарбалас тіршілік, ақпарат тасқыны, әлеуметтік және экономикалық қысым — мұның бәрі адам жанының тыныштығын жиі бұзатын факторлар. Соңғы жылдары әлемде ғана емес, Қазақстанда да психикалық саулық мәселесі ерекше өзектілікке ие болды. Себебі адамның ішкі үйлесімі мен эмоциялық тұрақтылығы — тек жеке әл-ауқаттың емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен елдің дамуының көрсеткіші.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Салтанат Назарова психикалық саулықты қорғау – ел болашағына салынған инвестиция екенін айтып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен қоғамда қалыптасып келе жатқан оң көзқарастың рөлін атап өтті.
– Себебі психикалық саулық – адамның жалпы денсаулығының ажырамас бөлігі. Бүгінгі өмір ырғағының жылдамдығы, ақпараттың шамадан тыс көптігі, әлеуметтік қысым мен экономикалық тұрақсыздық, отбасындағы күйзелістер – мұның бәрі адамның эмоциялық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Психикалық саулықтың бұзылуы тек көңіл-күйге емес, сонымен қатар физикалық денсаулыққа, жұмыс қабілетіне және отбасылық қарым-қатынасқа да кері ықпал етеді. Сондықтан психикалық денсаулықты сақтау – қоғамның тұрақтылығы мен ұлттың дамуының маңызды негізі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, психикалық бұзылыстардың жартысынан астамы 15 жасқа дейін басталады. Бұл көрсеткіш пандемиядан кейін айтарлықтай өскен, әсіресе жасөспірімдер арасында. Себебі жасөспірім шақ – адам өміріндегі ең күрделі әрі сезімге толы кезең. Бұл жаста адамның миы мен эмоциялары, әлеуметтік қатынастары, өмірлік ұстанымдары қалыптасады.
Жасөспірімдер әлі өзін-өзі бақылау мен шешім қабылдау қабілетін толық меңгермегендіктен, олар көбіне ойланбай шешім қабылдайды, көңіл-күйі жиі өзгереді, айналадағы адамдардың пікіріне шамадан тыс мән береді және мақұлдауға, қолдауға мұқтаж болады. Бірақ бұл — «қиын мінездің» белгісі емес, дамудың табиғи кезеңі. Маңыздысы — сол сәтте оларды түсіну және қолдау көрсету.
Психикалық денсаулыққа әсер ететін факторлар да әртүрлі: отбасы мен достардың қолдауы, тәрбиенің сипаты мен құрметке негізделген қатынас, әлеуметтік жағдай, сапалы білім мен өмірлік дағдыларды үйрету деңгейі, интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы, зорлық-зомбылық пен кемсітуге ұшырау. Егер бала зорлық көрсе, жақынын жоғалтса немесе көші-қон сияқты ауыр тәжірибені бастан өткерсе, онда психикалық қиындықтардың даму қаупі 2–5 есе жоғарылайды.
Яғни психикалық денсаулық мәселесін тек медицина мамандарының міндеті деп қарауға болмайды. Бұл — ата-ананың, мұғалімнің, қоғамның және жалпы жүйенің ортақ жауапкершілігі. Әр баланың ішкі әлемін түсіну мен дер кезінде қолдау көрсету – дені сау, мықты және сенімді ұрпақ тәрбиелеудің басты шарты.
– Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің психикалық жағдайы зерттелді ме?
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен және ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, 2022 жылы елімізде оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын бағалау жөніндегі ұлттық зерттеудің екінші кезеңін жүргізді.
Бұл зерттеу Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» аясында, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» ұранымен жүзеге асырылды.
HBSC (Health Behaviour in School-aged Children) – төрт жыл сайын ДДСҰ-мен бірлесіп 51 елде жүргізілетін халықаралық мониторинг. Онда 11, 13 және 15 жастағы балалар мен жасөспірімдер өз денсаулығы, өмір салты және мінез-құлқы туралы сауалнама толтырады.
Қазақстанда мұндай зерттеу алғаш рет 2017 жылы басталып, 2022 жылы оған еліміздің барлық өңірінен 121 мектептің 8528 оқушысы қатысты. Оның мақсаты – жасөспірімдердің физикалық, әлеуметтік және психологиялық саулығын кешенді бағалау, сондай-ақ осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін талдау.
Нәтижелер алаңдатарлық:
• 11–15 жастағы жасөспірімдердің 16,6%-ында психикалық әл-ауқаттың төмендігі мен депрессия белгілері байқалған;
• 15 жасқа қарай бұл көрсеткіш 1,8 есе өсіп, 21,8%-ға жеткен;
• Қыз балалар арасында мазасыздық, жалғыздық пен ұйқы бұзылысы жиірек кездескен.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау үшін мектеп, ата-ана және медицина жүйесінің үйлесімді өзара іс-қимылы аса маңызды. Бұл бағыттағы мониторинг жалғаса береді және балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұлттық саясатты жетілдіруге негіз болмақ.
– Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбы жиі талқыланып жүр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жағдай қалай және қандай үрдіс байқалады?
– Өкінішке қарай, суицид мәселесі әлем бойынша да, Қазақстанда да өзекті күйінде қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Әлемдегі суицид мәселесі, 2019 жыл» баяндамасында көрсетілгендей, өз-өзіне қол жұмсау — әлемдегі өлім себептерінің бірі, әрі жыл сайын ЖИТС, безгек, сүт безі қатерлі ісігі мен кісі өлтіруден де көп адамның өмірін қияды.
2019 жылы әлемде 15–29 жас аралығындағы 700 мыңнан астам жас өз еркімен өмірімен қоштасқан. Бұл көрсеткіш бойынша суицид апаттар мен зорлық-зомбылықтан кейінгі төртінші орында тұр. Сондықтан бұл — тек медициналық емес, әлеуметтік және психологиялық қолдауды қажет ететін жаһандық мәселе. Осыған орай БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына «суицидтен болатын өлім-жітім деңгейін төмендету» көрсеткіші енгізілген.
Қазақстан да, өкінішке қарай, бұл тұрғыда жоғары деңгейдегі елдердің қатарында. Жыл сайын 3,5 мыңнан астам әр түрлі жастағы адам өз еркімен өмірімен қоштасады. Дүниежүзілік рейтингте Қазақстан 20-орында, жастар арасындағы көрсеткіш бойынша — 13-орында, ал нағыз еңбекке қабілетті жастағы азаматтар (35–44 жас) арасында – 8-орында.
ЮНИСЕФ пен ДДСҰ деректеріне сүйенсек, 2011–2013 жылдары Қазақстан 15–19 жас аралығындағы қыздар арасындағы суицид бойынша әлемде бірінші, ал ұлдар арасындағы көрсеткіш бойынша екінші орында болған.
Қазір жағдай біршама тұрақтанып келеді. 2023 және 2024 жылдардың деректерін салыстырғанда, өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары мен әрекеттерінің азайғаны байқалады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2023 жылы 3694 суицид тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 3408-ге дейін төмендеген.
Ресми мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында 121 кәмелетке толмаған баланың өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 5,5%-ға аз. Алайда бұл – жай ғана статистика емес. Әрбір санның артында – нақты тағдыр, қайғыға батқан отбасы мен қоғамның жіберіп алған қамқорлығы тұр.
Суицидтің басты себептері – эмоционалдық қолдаудың жетіспеушілігі, буллинг, отбасындағы жанжалдар, жалғыздық, өз құндылығын жоғалту сезімі. Сондықтан негізгі бағыт ерте анықтау, психологиялық көмекке қолжетімділікті арттыру және психикалық денсаулыққа қатысты стигманы азайту болуы тиіс. Бұл – тек мамандардың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
– Денсаулық сақтау жүйесінде психикалық саулықты нығайту бағытында қандай нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Мемлекет халықтың психикалық денсаулығын қорғау және нығайту бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылдауда. 2020 жылы қабылданған «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі психикалық денсаулықты қорғау саласында озық нормаларды енгізді. Онда құпиялықты сақтау, ең жиі кездесетін психикалық бұзылыстарды жалпы тәжірибе дәрігерлері арқылы диагностикалау, емдеу және пациенттерді бақылау сияқты мүмкіндіктер қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласында психиатриялық көмек қызметі қайта құрылып, енді ол психикалық денсаулықты қорғау қызметі ретінде қызмет етеді. Психикалық денсаулық медициналық-санитарлық алғашқы көмекке интеграцияланып, жасөспірімдер мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулық бойынша қызмет көрсететін Жастар денсаулық орталықтары дамып келеді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің психикалық денсаулық бойынша құзіреттері кеңейіп, білім беру жұмыстары күшейтіліп, ерте араласу бағдарламалары енгізілуде. 2023 жылы ДДСҰ қолдауымен «Бірыңғай психикалық денсаулық» ақпараттық қызметі іске қосылып, психологтардан кеңес алу және жазылу үшін телеграм-бот пен «3580» телефон желісі қолжетімді болды.
Білім беру саласында 10 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс істейді, мектептерде психологиялық қызметтер мен инфрақұрылым қалыптасқан, психикалық денсаулық мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау көрсететін психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Әлеуметтік қорғау саласында жергілікті атқарушы органдар жанынан 100-ден астам отбасын қолдау орталықтары құрылып, ҮЕҰ тарапынан дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Цифрлы отбасы картасы» ресурсы іске қосылып, ол отбасының әлеуметтік мәртебесі туралы ақпарат алуға және денсаулық саласындағы әлеуметтік детерминанттарды анықтауда үлкен әлеуетке ие.
– Жалпы алғанда, адамның тұрақты психикалық саулығын сақтау үшін не істеу керек?
Психикалық саулық – бұл аурудың жоқтығы емес, өз-өзіңмен және қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру қабілеті. Адамның эмоциялық тұрақтылығын сақтау үшін алдымен ұйқы мен демалыс тәртібін реттеп, дене белсенділігін сақтау маңызды, өйткені қозғалыс табиғи антистресс факторы болып табылады. Сонымен қатар, позитивті қарым-қатынас орнату, эмоцияларды ішке сақтамау – ашық сөйлесу немесе шығармашылық арқылы шығару, ақпараттық гигиена сақтау – әлеуметтік желі мен жаңалықтар уақытын шектеу қажет. Маманға дер кезінде жүгіну – бұл әлсіздік емес, өз-өзіне қамқорлықтың белгісі. Эмоционалдық интеллектіні дамыту да психикалық тұрақтылықты сақтау үшін маңызды: өз сезіміңді түсіну және дұрыс атау, басқалардың сезімін тану, ашу мен күйзелісті басқару, келісімге келе білу және жанжалдарды сабырмен шешу дағдылары адамның өмір бойы психикалық тұрақтылығын қолдайды.
– Қоғамда психологиялық көмекке жүгінуден қорқу немесе ұялу әлі бар. Мұны қалай өзгертуге болады?
– Иә, психологиялық көмекке деген стигма әлі де кездеседі. Көпшілік «психологқа бару – әлсіздік немесе аурудың белгісі» деп қате түсінеді. Шын мәнінде, бұл – өзін және жақындарын қорғаудың мәдениеті. Бұл көзқарасты өзгерту үшін ашық ақпараттық саясат пен қоғамдық талқылау қажет. Танымал тұлғалардың, дәрігерлер мен педагогтардың ашық үндеулері маңызды. Сондай-ақ, ата-аналар мен мектептерде жүйелі психологиялық білім беру ұйымдастырылып, балалар мен жастар арасында эмоционалдық интеллектіні дамыту тренингтері өткізілуі тиіс. Егер қоғам психикалық денсаулықты ұят емес, табиғи мәселе ретінде қабылдаса, адамдар өз уақытында көмек алады, ал бұл – дені сау және эмоционалды тұрақты ұрпақтың кепілі.