2025 жылғы 6–7 қазанда Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының (ҰҚДСО) сарапшылары Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына жұмыс сапарымен барып, ИАИБ (Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау) бағдарламасын енгізу динамикасын бағалады.
Сарапшылар тобының құрамында Инфекциялық бақылау мен антимикробтық төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Ағажаева және бөлімнің бас маманы Ақниет Жарылқасынова болды. Аталған орталықтың ИАИБ бағдарламасы бойынша бастапқы бағалауы ағымдағы жылдың көктемінде жүргізілді.
Сапардың негізгі мақсаты – бағдарламаны іске асыру нәтижелерін талдау, оң өзгерістерді айқындау және босандыру ұйымдарында инфекциялық бақылау жүйесін жетілдірудің кейінгі бағыттарын анықтау. ИАИБ бағдарламасының басты міндеті – жүкті әйелдер, босанушылар, босанған аналар мен жаңа туған нәрестелер арасындағы септикалық асқынулардың алдын алу және олардың жиілігін төмендету.
Сапар барысында ҰҚДСО мамандары бағдарламаны іске асырудың өзекті мәселелерін, оның ішінде алгоритмдерді енгізу, мониторинг жүйесін жетілдіру және негізгі көрсеткіштерді талдау үдерісін талқылады. Сондай-ақ орталық бөлімшелеріне барып, инфекциялардың алдын алу қағидаттарының сақталуын бақылады.
Сарапшылар мен перинаталдық орталық мамандарының бірлескен жұмысы алғашқы бағалаудан кейін қол жеткізілген айтарлықтай жетістіктерді анықтап, әрі қарай жетілдіруді қажет ететін бағыттарды белгілеуге мүмкіндік берді.
Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында ИАИБ бағдарламасын енгізу ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастырылып, ҰҚДСО-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Бағдарлама медициналық көмектің сапасы мен инфекциялық қауіпсіздік деңгейін жүйелі түрде арттыруға бағытталған.