Алматыда дозорлық эпидемиологиялық қадағалау бойынша оқыту тренингі өтті

Алматы қаласындағы ҚР ДСМ Ұлттық денсаулық сақтау орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы филиалының базасында тұмау, тұмауға ұқсас аурулар және жедел ауыр респираторлық инфекциялар бойынша дозорлық эпидемиологиялық қадағалауға арналған екі күндік оқыту тренингі өтті.

Тренингтің негізгі мақсаты – тұмауға ұқсас аурулар мен жедел ауыр респираторлық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық қадағалаудың тиімділігін арттыру, ауру жағдайларын іріктеудің жаңа әдістемесін енгізу, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құралдарын пайдалану, сондай-ақ 2024–2025 жылдардағы эпидемиялық маусым қорытындыларын талдау болды.

Семинардың ашылуында ҚР Ұлттық денсаулық сақтау орталығының инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің басшысы Мейірім Сұлтанова және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы филиалы директорының орынбасары Лена Қасабекова сөз сөйледі.

Іс-шара гибридті форматта өтіп, Алматы, Шымкент қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысынан 80-нен астам маманды біріктірді. Олардың ішінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің эпидемиологтары, госпитальдық эпидемиологтар және дозорлық қадағалауды жүзеге асыратын клиницистер болды.

Тренинг барысында тұмауға қатысты нормативтік-құқықтық базаға енгізілген өзгерістер, «Қазақстандағы тұмау, COVID-19 және эпидемиялық әрі пандемиялық әлеуеті бар басқа да респираторлық аурулар бойынша интеграцияланған дозорлық эпидемиологиялық қадағалау» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес ауруларды іріктеу әдістемесін енгізу, мониторингке арналған цифрлық құралдар мен дашбордтарды пайдалану, 2024–2025 жылдардағы эпидемиялық маусым бойынша аймақтық қадағалау нәтижелерін талдау, тұмау мен респираторлық инфекциялар бойынша дозорлық қадағалау нәтижелерін қорытындылау сияқыт сұрақтар талқыланды.

Жұмыс барысында жаңа іріктеу әдістемелерін қолдану бойынша топтық жаттығулар, сондай-ақ сұрақ-жауап сессиясы өтті.

Тренинг мамандардың біліктілігін арттыруға, дозорлық қадағалау саласында үйлестіруді нығайтуға және тұмау мен басқа да респираторлық инфекцияларды мониторингтеудің заманауи құралдарын енгізуге ықпал етті. Алынған білімдер эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерге дер кезінде әрекет ету үшін практикалық қызметте қолданылатын болады.