2025 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы (ҰҚДО) Колумбия университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP орталығының өкілдерімен бірлесіп, елімізде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін ұлттық және өңірлік деңгейде нығайту жобасын іске асырып келеді.
Осы жобаның аясында 2025 жылғы 1–3 қазан күндері Ақтөбе қаласында денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық, төтенше жағдайлар, ветеринария салаларының мамандары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдері үшін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық бойынша симуляциялық тренинг өткізіліп жатыр.
Іс-шараға Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің сарапшылары қатысуда.
Тренингтің негізгі мақсаты — мамандардың табиғи және техногендік төтенше жағдайлар жағдайында үйлестіру және әрекет ету қабілеттерін арттыру, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту.
ICAP жобасының үйлестірушісі, ҚР ДСМ ҰҚДО басқарма төрағасының кеңесшісі Зауре Ахметова өз сөзінде:
«Біздің басты міндетіміз – ұлттық ерекшеліктер мен халықаралық стандарттарды ескере отырып, алдын алу және жедел әрекет ету бойынша тиімді жүйе қалыптастыру. Ерекше назар командалық үйлестіру дағдыларын дамытуға, жедел штабтардың жұмысына, дағдарыс жағдайында ақпаратты басқаруға және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылға аударылады», – деп атап өтті.
Тренинг бағдарламасына теориялық сабақтармен қатар практикалық симуляциялық жаттығулар да енгізілген. Қатысушылар табиғи және техногендік қатерлер сценарийлерін пысықтап, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен ресурстарды жұмылдыру тетіктерін талдайды, сондай-ақ эпидемиологиялық талдау құралдарын қолданады.
Оқу тренингі Қазақстан халқының денсаулығын қорғау және төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін нығайтуға ықпал ететін болады.