2025 жылғы 26 қыркүйекте WyndhamGarden Burabay қонақүйінде (Бурабай а.) БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырған Денсаулық фестивалі өтті. Бұл ауқымды шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдіктері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың сарапшылары, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және денсаулық сақтау саласының мамандары қатысты.
Фестиваль ФАО-ның «Денсаулықты нығайту және салауатты тамақтануды дамытуға үлес қосу» жобасы аясында өткізіліп отыр. Жоба мектептегі тамақтану жүйесін жетілдіруге және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Негізгі назар – заманауи тәжірибелерді енгізу, теңгерімді мектеп мәзірін әзірлеу және білім беру ұйымдары үшін тұрақты азық-түлік жеткізу тізбектерін қалыптастыруға аударылған.
Өз сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Білім беру және тәрбиелеу объектілерін тамақтандыруды бақылау басқармасының басшысы Гүлшарат Қожатова мектептегі тамақтану – елдің болашағына инвестиция екенін атап өтті:
«Салауатты тамақтану – денсаулық пен ұзақ өмірдің негізі. Денсаулық сақтау министрлігі тұзды, қантты және транс майларды тұтынуды азайту бойынша шаралар қабылдауда, өнімдерге түстік таңбалауды және ұнды фортификациялау бағдарламаларын енгізуде. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енген мектептік тамақтанудың жаңа стандарты балаларды отандық өндірістің жаңа және қауіпсіз өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Әрбір бала күн сайын толыққанды тамақ алуы үшін жергілікті өндірісті және тиімді логистиканы дамыту маңызды. ФАО жобасы мемлекет, халықаралық ұйымдар және сарапшылар қауымдастығының күш-жігерін біріктіріп, балаларда салауатты өмір салтының тұрақты әдеттерін қалыптастыруға қызмет етеді».
«ҰҚОЗ бұл жобаны қолдайды, өйткені ол Қазақстанда салауатты тамақтану жүйесін дамытуға көмектеседі. Жобаның мақсаты – фермадан мектеп асханасына дейінгі жолды жолға қою, балалардың күн сайын жаңа әрі сапалы өнімдер алуы. Маңыздысы – тек тамақ беру ғана емес, пайдалысын таңдауды үйрету. Себебі балалық шақта қалыптасқан әдеттер өмір бойғы денсаулықтың негізіне айналады», – деп пікір білдірді ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығы төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.
ФАО атынан құттықтау сөз сөйлеген азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі қызметкер Кейго Обара былай деді:
«Мектептік тамақтану бағдарламалары ерекше мүмкіндіктер ашады: олар балалардың тамақтануын жақсартады, салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастырады және бір мезгілде жергілікті экономиканы қолдайды. Жергілікті өнімдерді пайдалану айрықша маңызды – ол қауымдастықтарды нығайтады және тұрақты дамуға ықпал етеді. Бүгінгі фестиваль – тәжірибе алмасуға және балалардың Қазақстан бойынша салауатты тамақтануға қолжетімділігін кеңейту үшін бірлескен қадамдарды жоспарлауға арналған алаң».
Фестивальдің басты мақсаты – агроазық-түлік жүйелерін дамыту перспективаларын талқылау, денсаулық саласына инвестициялар тарту және Қазақстан халқы үшін сапалы, қауіпсіз тамақтануды насихаттау. Бағдарламада Сауда және интеграция министрлігі, өңірлік әкімдіктер, ФАО, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық құрылымдардың өкілдері сөз сөйледі. Ерекше назар азық-түлікті тасымалдау мен сақтау, мектеп мәзірін енгізу, жеткізу тізбектерін дамыту және салауатты тамақтану мәдениетін ілгерілетудегі үкіметтік емес ұйымдардың рөліне аударылды.
Денсаулық фестивалі тәжірибе алмасуға, үздік тәжірибелерді көрсетуге және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы саласындағы күш-жігерді біріктіруге арналған бірегей диалог алаңына айналды. Өңірлік және халықаралық серіктестерді тарту Қазақстанның салауатты болашағын қалыптастыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жаңа тәсілдер әзірлеуге мүмкіндік береді.