Баланы мектепке дайындау кезінде киім мен мектеп керек-жарақтарын таңдау жөніндегі кеңестер

Бала үшін мектеп формасын сатып алу кезінде ол бұл киімде 5-6 сағат, тіпті одан да көп уақыт өткізетінін есте сақтау маңызды. Сондықтан бірінші кезекте мектеп формасы балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Ең дұрысы, киім бала үшін ыңғайлы микроклиматты қалыптастыруы тиіс – бұл дененің температурасы, ылғалдылығы, бу және ауа өткізгіштігі.

Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының мамандары мектеп формасын сатып алу кезінде мынадай маңызды жайттарға назар аударуға кеңес береді:

  1. Өндірушінің деректері мен мата құрамы бар жапсырманы және киім таңбалауын мұқият зерттеңіз.
  2. Бұйымды күту бойынша кеңес беретін символдарға назар аударыңыз. Мысалы, егер жапсырмада химиялық тазалау көрсетілсе, балаға арналған мұндай киімнен бас тартқан дұрыс, өйткені бұйымды тазалау кезінде қолданылатын химиялық заттар оқушының денсаулығына зиянды болуы мүмкін.
  3. Мектеп формасы тігілген мата, кемінде жартылай табиғи материалдардан тұруы тиіс. Мектеп формасы үшін мақта мен зығыр күзгі және көктемгі уақытқа, жүн мен кашемир – қысқа ең қолайлы. Мектеп формасындағы синтетикалық талшықтардың ең жоғары пайызы – 55% -дан аспауы тиіс.

Құрамында 55%-дан астам синтетикалық талшықтар бар мектеп формалары арзан болуы мүмкін, бірақ оның барлық қасиеттері осымен аяқталады. Синтетикалық талшықтар терінің тыныс алуына жол бермейді, нәтижесінде жылу алмасу бұзылып бала терлей бастайды, ал бұл өз кезегінде, тоңазуға және суық тиюге әкелуі мүмкін.

Бұдан басқа, синтетикалық талшықтар аллергияға әкелуі мүмкін, өйткені синтетика баланың шырышты қабатына әсер ететін және бөртпе тудыратын шаң мен түрлі микроорганизмдерді тартады. Сондай-ақ синтетика баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, тітіркену мен тез шаршауды тудыратын статикалық электр қуатының жиналуына ықпал етеді.

Сондықтан күнделікті киюге синтетикалық форма жарамайды. Алайда мата құрамындағы синтетикадан толық бас тартудың қажеті жоқ, өйткені синтетикалық талшықтар киім нысанын «ұстап», қызмет ету мерзімін ұзартады және оны күтуді жеңілдетеді.

Бұйымнан қатты иіс шықпауы тиіс. Жағымсыз иістің болуы тоқыма материалдарында матаны бояу кезінде пайдаланылатын зиянды және тіпті қауіпті химиялық заттардың болуын куәландырады.

Баланың денсаулығы үшін мектеп формасының қауіпсіздігінің кепілдігі осы бұйымға сәйкестік туралы декларацияның немесе сәйкестік сертификатының болуы болып табылады. Сатушы бұл құжаттарды сатып алушыға бiрiншi талап бойынша көрсетуге мiндеттi.

Мектеп формасын сатып алу кезінде дұрыс өлшемді таңдау өте маңызды, отырғанда да, жүргенде де балаңызға ыңғайлы екеніне көз жеткізіңіз. Киім баланың қозғалысын шектемеуі керек, тым тар болмауы керек, өйткені тығыз юбка немесе шалбар іштің ауыруына әкеледі, ал тығыз жейделер мен сарафандар дұрыс тыныс алу үрдісін бұзуы мүмкін.

Бұдан басқа, баланың дене бітімі мен талғамына назар аударыңыз, өйткені форманың пішін әдемі, сапалы және сәнді ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіне де ұнауы тиіс.

Түс гаммасын таңдағанда, бала оқитын мектептің жалпы ережелеріне назар аударыңыз. Қалай болғанда да мектеп формасы ұстамды болуы керек, тым ашық түстерді таңдаудың қажеті жоқ. Ақшыл, сұр, қоңыр, қара-көк түстерге басымдық беріңіз.

Бір апта ішінде ауыстыруға ыңғайлы болуы үшін балаға бірден бірнеше мектеп киімін таңдаңыз. Ұлдар үшін бұл қосалқы шалбар мен екі-үш бір түсті жейделер, қыздар үшін – қосалқы юбка немесе көйлек пен екі-үш бір түсті блузка.

Қазіргі кезеңде балалардың денсаулығының өзекті проблемасы – бұл әдемі дене бітімін қалыптастып сақтау және денені дұрыс ұстау. Талаптарға сәйкес келетін сөмке немесе оқушы портфелін таңдау, маңызды аспект болып табылады. «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентімен (КО ТР 007/2011) оқушылардың портфельдері мен сөмкелері дайындалған материалдардың өлшемдері, салмағы, конструкциясы, санитарлық-химиялық, токсикологиялық қауіпсіздік көрсеткіштері регламенттеледі.

Оқушылардың сөмкелері мен портфельдерін және рюкзактарын таңбалау пайдаланушының жасы туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Портфельдердің, мектеп сөмкелерінің және ұқсас бұйымдардың салмағы бастауыш сынып оқушылары үшін 700 грамнан, орта және жоғары сынып оқушылары үшін 1000 грамнан аспауы тиіс.

Бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған оқушы сөмкелері оның білім алушының арқасына толық жанасуын және салмағының біркелкі таралуын қамтамасыз етуі тиіс.

Бастауыш сынып оқушыларына арналған бұйымдардың көлеміне қойылатын талаптар:

  • Ұзындығы (биіктігі) – 300 – 360 мм;
  • Алдыңғы қабырғаның биіктігі – 220 – 260 мм;
  • ені – 60 – 100 мм;
  • Иық белбеуінің ұзындығы – кемінде 600 – 700 мм;
  • Жоғарғы бөлігіндегі иық белбеуінің ені (400-450 мм ұзындықта) – 35-40 мм-ден кем емес.

Өлшемдерді 30 мм артық емес ұлғайтуға жол беріледі. Сөмке салмағының оқулықтармен және дәптерлермен нормативтік талаптарға сәйкестігін тексеру үшін сөмке салмағының баланың салмағына қатынасын есептеу қолданылады. Оңтайлы арақатынас 1:10 құрайды. Мұндай тәсіл баланың жеке мүмкіндіктерін де ескереді.

Бұдан басқа, оқушылардың портфельдері мен сөмкелерінің алдыңғы, бүйір беттерінде және жоғарғы клапанында жарық шағылыстырғыш элементтері бар бөлшектері мен фурнитурасы болуы қажет және контрастты түсті материалдардан дайындалуы тиіс.

Автор: Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының полимерлер және басқа химиялық заттар токсикологиясы зертханасының меңгерушісі Әсел Қазбекқызы Кәрібаева