“Жастар денсаулық орталықтарында жасөспірімдердің психикалық денсаулығы және оларды психоәлеуметтік қолдау қызметтерін жетілдіру” атты ұлттық дөңгелек үстел

Астана, 2025 жылғы 28 шілде. Елордада Жастар денсаулық орталықтарының (ЖДО) қызметі аясында жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулығы және оларды психоәлеуметтік қолдау (ПДПӘҚ) қызметтерінің сапасы мен тұрақтылығын арттыру мәселелеріне арналған ұлттық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) мен Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) арасында 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспары шеңберінде ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Халықаралық ұйымдардың (ЮНИСЕФ, ДДҰ, ЮНФПА), ұлттық денсаулық сақтау институттарының, ғылыми мекемелердің өкілдері және психикалық денсаулық саласындағы практик мамандар қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 20 адамды құрады.
Іс-шараның мақсаты – халықаралық стандарттар мен ғылыми негізделген тәсілдерді ескере отырып, ЖДО-да ПДПӘҚ қызметтерінің қолжетімділігін, сапасы мен тұрақтылығын жақсарту стратегияларын талқылау.
Дөңгелек үстелдің негізгі міндеттері:
– ПДПӘҚ бойынша жаңартылған стандартты және нұсқаулықты енгізу тетіктерін келісу;
– жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау жүйесін нығайту үшін сектораралық диалогты қамтамасыз ету;
– табысты практикаларды масштабтау жолдарын анықтау.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара барысында жасөспірімдердің психикалық денсаулығының жай-күйі, жыныстық және психологиялық жетілу мәселелері, ЖДО жұмысының ерекшеліктері және орталықтарды аккредиттеу тетіктері жөнінде сараптамалық баяндамалар жасалды.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Салтанат Әбдіқадырқызы Назарованың: “Жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау тәсілдерін жетілдіру: ҚР -нің 24.01.2023ж. № 12 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар” тақырыбында жасаған баяндамасы қатысушылардың назарын аударды.
Талқылау соңында қатысушылар сектораралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың, тиімді практикаларды масштабтаудың және барлық медициналық-әлеуметтік көмек көрсету деңгейлерінде жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мәселелеріне кешенді тәсілді енгізудің маңыздылығын атап өтті.