Ыстық кезеңнің басталуымен бассейндер мен аквапарктердегі судың қауіпсіздігі өте өзекті мәселе бола бастайды. Көптеген қазақстандықтар демалып, ыстықтан құтылу үшін қала ішіндегі су ойын-сауықтарына барғанды қалайды. Алайда судың тазалығы – жайлы болуды ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа да әсер ететінін есте сақтаған жөн.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бассейндердегі су міндетті түрде санитариялық талаптарға сәйкес болуы тиіс екенін ескертеді. “Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларына (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № ҚР ДСМ-67 бұйрығы) сәйкес бассейн шарасында мынадай нормативтерге жол беріледі:
Хлор мөлшерінің нормалары:
* Қалдық еркін хлор (суды тиімді зарарсыздандырады):
o 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін – 0,1- 0,3 мг/л
o ересектер үшін – 0,3 – 0,6 мг/л
* Қалдық байланысқан хлор (хлор органикалық заттармен әрекеттескенде түзіледі) – 1,2 мг / л артық емес
Басқа негізгі көрсеткіштер:
* Хлоридтер -350 мг / л артық емес
* Сутектік көрсеткіш (рН) — 6 – 9
* Судың түсі – 20 градустан артық емес
* Микробиологиялық қауіпсіздік – міндетті зерттеулерге жалпы микробтар саны (ЖМС), жалпы колиформдық бактериялар саны (ЖКБ), термотолерантты колиформдық бактериялар (TКБ), алтын тәрізді стафилококктың болуы, ішек инфекцияларының қоздырғыштары, лямблия цисталары, гельминт жұмыртқалары мен дернәсілдері және т.б. жатады.
Бассейндер мен аквапарктерді тексеру кезінде санитарлық қызмет бұл көрсеткіштердің әрқайсысын бақылайды. Санитариялық нормалардың бұзылуы ауыр инфекцияларға әкелуі мүмкін – әсіресе балалар мен иммунитеті төмен адамдарға инфекция таралуы ықтимал.
Келушілерге нені білу маңызды?
* Судың сапасына үнемі тексеру жүргізілетіндігін нақтылаңыз.
* Судың иісіне назар аударыңыз (хлордың өткір иісі – алаңдатарлық белгі).
* Денеде жара немесе бөртпе болған кезде шомылмаңыз.
* Балалардың суды жұтуына жол бермеңіз.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бассейндер мен аквапарктердің операторларын санитариялық нормаларды қатаң сақтауға, ал келушілерді өз денсаулығына мұқият болуға шақырады. Судағы қауіпсіздік әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады.