025 жылғы 22 шілдеде Алматы қаласындағы «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы» филиалының базасында «Иммундау мақсатындағы тұлғааралық коммуникация» тақырыбында үш күндік тренинг басталды.
Іс-шара 2024 жылға арналған Жұмыс жоспарының 1-нәтижесі шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Бұл жоспар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп әзірленген.
Тренингтің мақсаты – медицина қызметкерлерінің вакцинация мәселелері бойынша халықпен тиімді тұлғааралық байланыс орнату дағдыларын дамыту. Оқыту бағдарламасы екпеге сенімді арттыруға және халық пен денсаулық сақтау жүйесі арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Тренингке Алматы қаласында қызмет ететін педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері мен иммунологтар қатысуда. Медицина қызметкерлері дәстүрлі түрде ата-аналар мен қамқоршылар үшін ең беделді және сенімді ақпарат көздерінің бірі болып табылады. Халықпен олардың тиімді өзара әрекеттесуі – иммундау деңгейі мен вакцинацияға деген сенімнің негізгі факторы.
Оқу бағдарламасы келесі негізгі бағыттарды қамтиды:
– коммуникативтік дағдыларды дамыту;
– жеке көзқарастар мен жаңсақ пікірлерді жеңу;
– жалған ақпаратқа қарсы әрекет ету;
– халықпен этикалық және конструктивті диалог жүргізу.
Қатысушыларға ата-аналармен және бала күтімімен айналысатын адамдармен ашық, құрметке негізделген әрі ақпаратқа сүйенген сұхбат жүргізуге көмектесетін заманауи тәсілдер мен практикалық құралдар ұсынылады.
Мұндай тренингтерді өткізу – денсаулық сақтау саласында орнықты коммуникациялық жүйе қалыптастырудың және Қазақстандағы балалар мен ересектер арасындағы вакцинациямен қамтуды арттырудың маңызды алғышарты болып табылады.