Есептік кезең қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында туберкулездің 2791 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 128 жағдай немесе 4,5 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға төмен және алдын алу мен ерте анықтау шараларының тиімділігін айғақтайды.
Жалпы тіркелген жағдайлардың 89,4 пайызы тыныс алу ағзаларының туберкулезіне тиесілі. Оның ішінде 905 жағдайда бактерия бөлінуімен жүретін түрі (БК+) тіркеліп, бұл айналадағылар үшін жұқтыру қаупін тудырады.
Туберкулез – ауа-тамшы жолымен берілетін жұқпалы ауру. Бұл инфекция кез келген адамға жұғуы мүмкін. Алайда дер кезінде жүргізілетін алдын алу, вакцинация және ерте диагностика арқылы оның алдын алуға және тиімді емдеуге болады.
Туберкулездің алдын алу шараларына мыналар жатады: нәрестелерге БЦЖ вакцинасын егу (ұлттық күнтізбеге сәйкес), жасырын туберкулез инфекциясын алдын ала емдеу, флюорографиялық тексеруден уақытылы өту, әсіресе қауіп тобындағы адамдар үшін.
Аурудың алдын алуға көмектесетін негізгі факторлар:
– құнарлы және теңгерімді тамақтану
– физикалық белсенділікті сақтау
– темекіден бас тарту және алкогольді шектеу
– еңбек пен демалыс тәртібін сақтау
– шынығу және спортпен шұғылдану
– тыныс алу жүйесіне қатысты белгілер байқалғанда дереу дәрігерге қаралу
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, флюорографиялық тексеруден уақытылы өтуге, салауатты өмір салтын ұстануға және балаларды екпе күнтізбесіне сәйкес уақтылы вакциналауға шақырады.
Мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеті арқылы туберкулездің таралуын шектеуге және халықтың денсаулығын қорғауға болады.