Алматыда антимикробтық резистенттілік мәселелері бойынша үш күндік оқыту семинары өтеді

2025 жылы 25–27 маусым аралығында Алматы қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының (СЭСжМҒПО) базасында антимикробтық резистенттілік, эпидемиологиялық қадағалау, микробиологиялық диагностика және микробқа қарсы препараттарды орынды пайдалану мәселелеріне арналған оқыту семинары өтеді.

Іс-шараны Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қатысуымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы кеңесінің техникалық қолдауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК ұйымдастырды.

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл, сондай-ақ ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Бибігүл Аубакирова семинарға қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.

Семинардың мақсаты – AМР-ді қадағалауға тартылған зертханалық қызмет мамандарының, эпидемиологтардың және басқа да бейінді кадрлардың біліктілігін арттыру, тұрақты мониторинг жүйесін дамыту және Қазақстанда зертханалық практиканың халықаралық стандарттарын енгізу.

Семинарға қатысушылар үш күнде мынадай өзекті тақырыптарды кеңінен талқылайды:

* Қазақстан Республикасындағы AМР-ді эпидемиологиялық қадағалаудың ағымдағы жағдайы;

* ұлттық нүктелік зерттеу (PPS) және CAESAR халықаралық зерттеу нәтижелері;

* микробиологиялық мониторинг және сапаны зертханаішілік бақылау;

* себінді жүргізу, микроорганизмдерді идентификациялау әдістері және антибиотиктерге сезімталдықты тестілеу нәтижелерін түсіндіру, соның ішінде ESBL, MRSA карбапенемазды анықтау;

* заманауи зертханалық ақпараттық WHONET және AMRcloud жүйелерін қолдану;

* EUCAST басқару құжаттарымен танысу және медициналық ұйымдардың микробқа қарсы саясатының құралы ретінде антибиограммаларды қалыптастыру.

Семинарда теориялық сессиялармен қатар зертханалық деректерді интерпретациялауды және цифрлық мониторинг жүйелерін қолдануды қоса алғанда, зертхана мамандарының кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған практикалық сабақтар да көзделген.

“Бүгінгі таңда біздің алдымызда техникалық аспектілерді талқылап қана қоймай, сонымен қатар сектораралық өзара іс-қимыл, әдістерді стандарттау, деректермен алмасу және “Бірыңғай денсаулық” тұжырымдамасы аясында зертханалық жүйелердің тұрақтылығын арттыру тәсілдерін әзірлеу міндеті де тұр”, – деп атап көрсетті ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл.

Осындай оқыту шараларын өткізу медициналық қоғамдастықтың антимикробтық резистенттіліктің артып келе жатқан қауіп-қатеріне қарсы күрестегі күш-жігерін шоғырландыруға ықпал етеді және инфекциялық бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтады.