Жаз – демалыс кезі, пикник, саяжайға бару және табиғат аясында демалу уақыты. Алайда дәл осы кезеңде жіті ішек инфекцияларын, соның ішінде ең қауіпті сальмонеллез ауруын жұқтыру қаупі едәуір артады.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының деректері бойынша, 2025 жылдың 5 айында 5000- нан астам жіті ішек инфекциясы тіркелген, оның 348-і сальмонеллез ауруы.
Сальмонеллез дегеніміз не?
Сальмонеллез – бұл Salmonella тұқымдасының бактериялары тудыратын жіті ішек инфекциясы. Ауру жеңіл, орташа және ауыр өтуі мүмкін. Әсіресе ол балалар, қарт адамдар және иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті.
Жұқтыру жолдары
Сальмонеллалар адамға ластанған тамақ өнімдері арқылы беріледі, көбінесе:
* шикі немесе жеткілікті түрде термиялық өңделмеген жұмыртқа мен құс еті;
* сүт өнімдері (әсіресе үйде дайындалған);
* дайындауда гигиеналық нормалар бұзылған салаттар мен тісбасарлар;
* кремді кондитерлік өнімдер, әсіресе ыстықта;
* рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алынған өнімдер арқылы;
* жеке гигиена ережелерін сақтамаған жағдайда (лас қол, ластанған ыдыс-аяқ, асүй керек-жарақтарын ортақ пайдалану) ауру жұғады.
Сальмонеллез симптомдары
Аурудың алғашқы белгілері, әдетте, инфекция жұққан соң 6-72 сағаттан кейін пайда болады. Оларға мыналар жатады:
- іштің бірден қатты ауыруы;
- жүрек айну, құсу;
- дене қызуының көтерілуі;
- нәжістің жиі сұйық болуы;
- бас ауруы, қалтырау, әлсіздік.
Жекелеген жағдайларда дегидратация (сусыздану) болуы мүмкін, бұл жедел медициналық көмекті қажет етеді.
Ауруды қалай болдырмауға болады?
Сальмонелла инфекциясын жұқтырмау үшін мынадай санитариялық-гигиеналық нормаларды қатаң сақтау қажет:
– Тамақ дайындар алдында, шикі етті турап болған соң, дәретханадан кейін және даладан келген соң қолды сабынмен мұқият жуыңыз;
– Шикі жұмыртқаны жемеңіз және пастерленбеген сүтті ішпеңіз;
– Тез бұзылатын тағамдарды, сақтау мерзімін сақтай отырып, тоңазытқышта ғана сақтаңыз;
– Ет пен көкөністерге арналған кесу тақтайлары мен пышақтарды бөлек қолданыңыз;
– Рұқсат етілмеген жерлерден және жеке адамдардан азық-түлік сатып алудан аулақ болыңыз;
– Жылы кезде ақуыз қосылған кремді торттар мен пирожныйларды жемеңіз;
– Көкөністерді, жемістер мен аскөкті ағынды сумен мұқият жуып, қайнаған сумен шайқап алыңыз;
– Саяжайда, жорыққа шыққанда, пикниктерде тағамды сақтау және дайындау ережелерін сақтаңыз.
Сальмонеллезге күдік туындаған кезде не істеу керек?
Ішек инфекциясының белгілері байқалған кезде:
* дереу дәрігерге қаралыңыз;
* өз бетінше емделуге болмайды, әсіресе жоғары температура болғанда және құсқан кезде;
* дәрігердің ұсынымынсыз диареяға қарсы препараттарды қабылдамаңыз, өйткені бұл ауру ағымын қиындатуы мүмкін.
Есіңізде болсын:
Сальмонеллез – бұл емделуден гөрі алдын алуы оңай болатын инфекция. Әсіресе ыстық кезде гигиенаны сақтау өте маңызды, бұл кезде бактериялар тез көбейеді де, тіпті санитариялық нормаларды аздап бұзғанның өзі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз – профилактика шараларын сақтаңыз!