2025 жылы 18 маусымда ҚР ДСМ “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы биостатистика негіздеріне және деректерді талдауға арналған онлайн-семинар өткізді. Қазақстанның барлық өңірлерінен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің мониторинг, талдау және тәуекелдерді бағалау бөлімдерінің 35-тен астам мамандары және көліктегі СЭБД мамандары қатысты.
Семинар бағдарламасы бойынша екі баяндама жасалды:
ҚДСҰО дипломнан кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Фариза Қожамқұл “Халық денсаулығы көрсеткіштерін талдау: биостатистикаға кіріспе” деп аталатын баяндама жасады, онда деректерді жинау, өңдеу және талдау әдістері, сондай-ақ оларды мамандардың күнделікті жұмысында практикалық қолдану мәселелері қарастырылды.
С. Қайырбекова ат. ҰҒДСДО профилактика және денсаулық сақтауды нығайту орталығының бас маманы Әсел Адаева “Медициналық статистикадағы сырқаттанушылық көрсеткіштері: есептеу және түсіндіру” деп аталатын баяндама жасап, көрсеткіштердің түрлеріне, есептеу және түсіндіру әдістеріне және осы деректерді үрдістер мен қауіп факторларын анықтау үшін пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударды.
Онлайн формат еліміздің түкпір-түкпірінен мамандардың кеңінен қатысуын және нақты уақыт режимінде баяндамашылармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етті. Қатысушылар материалдардың практикалық маңыздылығын атап өтіп, осындай іс-шараларды жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Семинар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысындағы аналитикалық тәсілдерді дамытуға және қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі статистиканың рөлін күшейтуге үлес қосты.