2025 жылы Қазақстан жіті ішек инфекцияларымен (ЖІИ) күресте бірқатар сын-қатерлерге тап болды, алайда жағдай бақылауда тұр. Үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында 5000-нан астам жіті ішек инфекциясы тіркелді, олардың арасында тырысқақ, іш сүзегі немесе парасүзегі тіркелмеген.
Жіті ішек инфекциясы дегеніміз не?
Жіті ішек инфекциясы – ластанған тамақ өнімдері, су арқылы немесе инфекция жұқтырған адамдармен тікелей қарым-қатынаста болған кезде берілетін аурулар тобы. Мұндай инфекциялардың белгілеріне диарея, дене қызуының көтерілуі, құсу және жалпы әлсіздік жатады. Мұндай жағдай ағзаның сусыздануына әкелуі мүмкін, бұл әсіресе балалар мен иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті.
Әлемде жыл сайын шамамен 1 миллиард адам ішек инфекцияларымен ауырады, ал мұндай аурулардан болатын өлім саны 5 миллионнан 10 миллионға дейін өзгеріп отырады. Сондықтан бұл аурудан қалай қорғану керектігін және егер сіз онымен сырқаттанып қалсаңыз, не істеу керектігін білу өте маңызды.
Қазақстан бойынша статистика
2025 жылдың бес айында Қазақстанда жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың қызық динамикасы байқалады:
Сальмонеллез: 348 жағдай тіркелді, барлық сырқаттанғандардың жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Бактериялық дизентерия: 71 жағдай тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10% – ға аз.
Ротавирустық энтерит: 1044 жағдай тіркелді, оның 98%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ротавирус балалар үшін өте қауіпті, өйткені ағзалары қатты сусызданып, жедел медициналық әрекетті қажет етеді.
Жалпы жіті ішек инфекциялары: ауру жағдайының көбі балаларда болды (барлық жағдайлардың 76,2%-ы.
Аурудың артуына не әсер етеді?
Жаз айларында аурудың көбеюі кездейсоқ емес. Ыстық кезеңде микробтар мен бактериялар тамақ өнімдерінде және суда белсенді түрде көбейеді, бұл инфекция қаупін арттырады. Бұл, әсіресе, тамақ өнімдері дұрыс сақталмаған кезде немесе адамдар қарапайым гигиена ережелерін сақтамаған жағдайда орын алады.
Ішек инфекцияларынан қалай қорғануға болады?
Бақытымызға орай, жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін бірқатар қарапайым, бірақ тиімді шаралар бар. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға көмектесетін бірнеше негізгі ережелер:
1. Қолды жуу: бұл көптеген аурудан аулақ болуға көмектесетін негізгі қағида. Дәретханаға барғаннан кейін, тамақтанар алдында және сыртта серуендегеннен кейін міндетті түрде қолды сабынмен жуыңыз.
2. Сапалы суды пайдалану: тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз. Бұл, әсіресе, ашық көздердегі су ластануы мүмкін ыстық кезде өте маңызды.
3. Тамақ өнімдерін мұқият жуу: көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз және қажет болған жағдайда, әсіресе ағын судың сапасына сенімді болмасаңыз, қайнаған сумен шайқау керек.
4. Тағамды термиялық өңдеу: ет, балық, құс еті толық термиялық өңдеуден өтуі маңызды. 70°C-тан жоғары температурада тамақ дайындау бактериялардың көбін өлтіреді.
5. Азық-түліктің жарамдылық мерзімін сақтау: мерзімі өткен тағамдарды сатып алмаңыз, сонымен қатар тоңазытқышта сақталмаған тамақты жеуден аулақ болыңыз.
6. Үйді таза ұстау: ыдыс-аяқты, сондай-ақ ас үй беттері мен керек-жарақтарын жуыңыз. Инфекцияны тасымалдауы мүмкін жәндіктер мен кеміргіштердің үйге кіруіне жол бермеңіз.
7. Қауіпсіз шомылу: тек арнайы жабдықталған, шомылуға арналған жерлерде ғана шомылыңыз және судың ауызға кіруіне жол бермеңіз.
Мемлекет деңгейіндегі профилактика
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ішек инфекцияларының таралуына жол бермеу үшін белсене жұмыс істейді. Су мен тамақ өнімдерінің сапасына мониторинг жүргізу, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру орындарында тұрақты санитариялық тексеру сияқты профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Орталық мамандары халықтың профилактика шаралары туралы хабардарлығын арттыру үшін білім беру науқандарын өткізеді.
Сонымен қатар мамандар аптап ыстықта барлық азаматтарға инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін қарапайым сақтық шараларын сақтауды ұсынады.
Кейбір өңірлерде жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың артуына қарамастан, Қазақстан азаматтардың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Қарапайым гигиена және қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, инфекция жұқтыру қаупін едәуір азайтуға және жаз мезгілінде денсаулықты сақтауға болады.
Денсаулығыңызға абай болыңыз және алдын алу шараларын сақтаңыз!